Айтпайын-ақ деп едім!

Автобустағы «Еріктілер»

Біздің елде еріктілерге деген көзқарас оң. Мұқтаждарға жәрдемдесу, қоғамның белсенді мүшесі болу – өркениетті елге тән қасиет. Дініміз бен діліміз қайырымдылық жасауды қайырлы іс санайды. Автобусқа бірінен соң бірі ағылып мінетін еріктілердің қызметі алаңдатады. Олар жинаған қаржының сұрауы бар ма? Шын мәнісінде ақша қайда кетеді?

Автобусқа кіре сала «Сәлеметсіздер ме, құрметті жолаушылар! Мазаларыңызды алсам кешірім сұраймын!» деп сөз бастап, «осындай азаматтың еміне көмек қажет. Әрбір берген 20-30 теңгенің құны өте маңызды» деп тәмамдайды. Қандай қоғамдық көлікке мінсең де жаттанды сөз, өзгермеген мәтін. Барлығы бірдей жасанды көрінеді. Еріктілердің басым бөлігі – кәмелетке толмаған жеткіншектер. Олардың басын мұндай қызметке байлап жүрген кім?

«Министрліктер үйі» аялдамасынан №30 автобустан түскен еріктіні тоқтаттым. Жәшікке түскен қаражат қайда баратынын сұрап, басшысымен тілдестіруін өтіндім. Сұрай бастағаным сол-ақ, жәшігін артына жасыра қалды. Жауап бергісі келмеді.

Жәрдем керек жанның емделетін уақытына да зер салған абзал. Жәшіктің тысына жабысқан түсқағазда барлық ақпарат болуы тиіс. Алайда тексеріп жатқан жан жоқ. Жолаушылар қалтасынан теңгесін суырып алып, жәшікке тырсылдатып тастай жөнеледі.

Автобустан ерікті көрсем олардың тыныс-тіршілігі жайлы сұрайтын болдым. Жасап жатқан «игі істерін» дабырайтып айтып, көпшіліктің мазасын алып жатқанымен шаруасы жоқ. «Дінмұхамед Қонаев» аялдамасынан №10 автобусқа міндім. Қатарласа үш бірдей ерікті кіріп, әдеттегі әуеніне басты. Үшеуі де мектеп оқушысы екен. Олардың айтуынша, автобустағы жасаған қайырымдылығы үшін 5000 теңге, я болмаса түскен табыс­тың 20% мөлшерін алатын болып шықты. Әркім өз нәпақасын өзінше тауып жүр. Бірақ еріктілердің ақша алғаны ерсі емес пе?

Дамыған елдерде автобус кезіп, жылу іздеген «қамқоршыларды» көрмейсің. Біздің қоғамдық көліктегі мәдениет басқа. Еріктілердің дауысы қатты шығуы, әрбір жолау­шыға жеке-жеке келіп қолқа салуы, жолаушының рұқсатынсыз суретке түсіруі автобустағы күнделікті қалыпты көрініске айналды. Бұл мәдениеттілікке жата ма?

Дініміз «Тіленшінің қолын қайтарма» деген тәрбие береді. Қазір кейбір жолаушылар еріктілер еркінсіп, сабылып жүретін автобусқа мінгісі келмейді. Себебі «жоқ» деп айтудың өзі ыңғайсыз, бірақ «иә» деуге іштей дайындық жоқ. Бұл кереғар қайшылықтар ішкі жайсыздықты тудырады.

Автобус демалыс орны емес, ол – қоғамдық көлік. Мұнда әр жолаушының өз уақыты мен көңіл күйі, өз әлемі бар. Біреу жұмыстан шаршап келе жатыр, біреу ауыр ойға шомған, енді біреу жай ғана тыныштықты қалайды. Сол тыныштықты бұзған еріктілердің дауысы, үгіт-насихаты, тіпті кейде әлсін-әлсін қайталанатын өтініші көпшілік үшін қысым емес пе?! Жеткіншектердің жұмыс көзі ретінде дәл осыны кәсіп қылуы дұрыс па? Сіз қалай ойлайсыз?

Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button