Автобус жолағы һәм жүргізуші назы

Алып шаһарға айналған бүгінгі Астананың кептелісі жылдан-жылға күрделеніп бара жатқандай ма, қалай?! Көлік тым көп. Әсіресе жеңіл машинаның руліне жармасқан жұрттың қарасы қалың. Таңғы жұмысқа келер уақыт, түскі асқа үйіне сабылғандар, кешкі жұмыстан соң жатар орынға асыққан астаналықтар. Мұның бәрі жол бойында ұзын-сонар жол кептелісін тудыратынын көз көріп жүр. Бірақ екі немесе үш жолақты (қарама-қарсы бағытты есептемегенде) кейбір көшелердің бір жолағы тек қоғамдық көлікке арналған. Ал бұл жолақпен жүрген автобустардың көбіне-көп белгілі межеге де уақытылы кешікпей баратыны да рас.
Жолаққа қатысты «жырласақ»…
Автобус жолағына қатысты жеке жүргізушілердің назы бар. Дәл сондай бағытпен жүруге тыйым барын ескерсек, жеке машинасын тізгіндеген азаматтар қалған жолақтың көлік жүргізуге таршылық тудыратынын айтып әлек. Яғни кептелістің бірден-бір себебі де осыған саяды.
– Расымен, күндізгі мезгілде автобус жолағымен жүрмеу туралы ескертуге келісуге болады. Өйткені халық көп мінетін қоғамдық көлікке кедергі келтірмеу керек. Бірақ кешкі, мысалы, сағат 20:00 немесе 21:00-ден соң аталған автобус жолағымен жүруге жеке көліктерге рұқсат берсе болады емес пе? Ол уақытта аз ғана бөлігі ғана жүріп, барлық өзге маршруттың қозғалысы азаяды. Мұндай уақытта жеке автокөлікті осы жолақпен жүргізу тиімді деп санаймын. Мысалы, Амман көшесі немесе Қорғалжын тасжолында таңертең және кешке кептеліс туындайды. Мұнда үшінші жолақ автобус бағыты екенін ескерсек, қалған екі жолақта сан көлік тізіліп тұрады. Ал оның бірі солға бұрылу бағыты екенін тағы ескерсек, мұнда қалған бір ғана жолақ жеке көлік жүргізушілеріне тым қиындық тудырмай ма? – дейді қала тұрғыны Әділ Бейсенбайұлы.
Әділдің айтуынша, дәл осындай ұсыныс негізінде автобус жолағымен кештен бастап жүру Астанада пилоттық жоба негізінде енгізіліпті. Ол – Абылай хан даңғылындағы А.Пушкин көшесінен Манас көшесіне дейінгі аралық. Ал Астана қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының мәліметіне сүйенсек, аталған бағыт екі шақырымға (қарама-қарсы бағытты қосқанда) жуықтайды. Осы аралықтағы учаскеде шектеулі уақытта автобус жолағы енгізіліп, яғни таңғы 06:30 мен кешкі 20:00 аралығында тек автобус пен арнайы шұғыл қызмет көлік құралдарының қозғалысын жеңілдету мақсатында іске асқан. Ал кешкі 8-ден соң аталған жолақпен өзге де жеке көліктер таңғы 6:30-ға дейін еркін жүре алады.
Тек автобус қана емес
Ашып айтатын бір дүние бар. Автобус жолағымен тек қана қоғамдық көліктер ғана жүре ме? Жоқ, мұнда өзге көліктерге рұқсат бар. Астана қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасы жол және техникалық инспекциясы бөлімінің аға инспекторы, полиция капитаны Бауыржан Бәкірдің айтуынша, автобус жолағында арнайы қызмет көліктері де жүре алады.
«Айталық, бұл санатқа жедел жәрдем, полиция қызметкерлерінің көлігі, төтенше жағдай, өрт сөндіру, сондай-ақ мектеп оқушыларын тасымалдайтын шағын автобустар мен арнайы такси қызметі кіреді. Әскерилер, дұрысы, қала ішінде қоғамдық тәртіпті қадағалайтын Ұлттық ұлан сапындағы сарбаздар мінген автобус та осы жолақпен жүре алады. Екіншіден, салмағы 5 тоннадан асатын, жеке кәсіпкерлікке тіркелген, адам тасымалдайтын шағын автобустарға да рұқсат етілген. Яғни 16 орындықтан жоғары қоғамдық жеке көліктер де автобус жолағын пайдалана алады» дейді Бауыржан Ғалымұлы.
Оның сөзінше, бүгінде елордада барлығы 27 автобус жолағы бар. Ал олардың жалпы ұзындығы – шамамен 100,5 шақырым.
«Былтыр маусымда Ш.Айтматов көшесінде (Ш.Қосшығұлұлы көшесінен Ж.Молдағалиев көшесіне дейін) ұзындығы 10,5 шақырым автобус жолағы енгізіліп, арнайы белгілер қойылған. Сол жылы тағы 7 көшеде автобус жолағы алғаш рет енгізіліп, бұл жоба орташа тиімділікті арттыру және қоғамдық көліктің қозғалысын жылдамдату мақсатымен жоспарланған еді. Олардың жалпы ұзындығы – 58,6 шақырым. Мысалы, әл-Фараби даңғылындағы Ұлы дала және Керей мен Жәнібек хандар көшесі аралығында автобус жолағы екі бағытта ашылды. Бұл бағытта күніне 80 автобус жүреді, оған қоса шұғыл қызмет көлігіне кедергісіз қозғалысты қамтамасыз етіп отыр» дейді ол.
Басты мақсат – автобус қозғалысын іркіліссіз ету
Астананың көлік жүйесін кешенді дамыту бағдарламасымен қоғамдық көлікті дамыту және оған сұранысты арттыру мақсатында әкімдік пен қалалық ПД бірлесіп, бірқатар шараны қолға алған.
«Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, қала бойынша автобустарға арналған арнайы қозғалыс жолағы – «Вus Lane» енгізіліп, кіреберіс «қалтасыз» аялдамалар орнатылады. Яғни бұрынғыдай үлкен жолдан арнайы аялдамаға арналған жолға түспейді. Дұрысы, қоғамдық көлік аялдамаға бағыттайтын жолға бұрылып жүрмейді. Тура жол бағытындағы өз жолағымен барып, дәл аялдама жанына тоқтай қалады. Жалпы бұл «Bus Lane» жобасы автобустардың қатынауы мен аялдамадағы кіріп-шығу уақытын қысқартып, қозғалыс жылдамдығын бұрынғыдан арттырды. Сондай-ақ жедел жәрдем, өрт сөндіру машинасы және арнайы көліктердің жолын жеңілдетіп отыр. Мінекей, осы автобус жолағын қою арқылы қоғамдық көліктердің кептеліске ұрынбауын, тұрғындардың баратын жеріне тез жетуін қамтамасыз еттік» дейді Бауыржан Бәкір.
Бауыржан «қалтасыз» аялдамаларды орнату арқылы бірнеше автобустың бір аялдамада қатар тоқтай алуына мүмкіндік туғанын айтады. Бұдан бөлек, қыс мезгілінде коммуналдық қызметтердің жұмысын жеңілдеткен. Айта кету керек, мұндай аялдамалар тек «Bus Lane» жолағы қарастырылған учаскелерде қолданылады екен.
«Қазіргі уақытта кіреберіссіз, яғни «қалтасыз» аялдамаларды орнату М.Жұмабаев, Ғ.Мұстафин, Ж.Тәшенев, Сығанақ, Қ.Мұхамедханов көшесі және Тәуелсіздік пен Б.Момышұлы даңғылында іске асыру жоспарланған. Дәл қазір елордадағы Тәуелсіздік даңғылы, М.Жұмабаев көшесі, Қорғалжын тасжолында автобустардың аялдамаға кіріп-шығу уақытын қысқарту жұмысы жүріп жатыр. Қоғамдық көліктер тура өз жолағымен келіп, тұрғындарды мінгізіп не түсіріп, сол тура бағытымен жүре бермек. Бұл, әлгінде айтқанымдай, қозғалыс уақытын үнемдеуге, дәл уақытында аялдамаға келуге үлкен септігін тигізуде» дейді полиция капитаны.
Айыппұл – 5898 теңге, ал апта өткен соң…
Мамандардың айтуынша, кептеліс уақытында қоғамдық көлікпен жүрген өте тиімді. Себебі сол, жоғарыда айтқандай, арнайы жолақпен сағатына 50 шақырым жылдамдықпен жүретін автобустар өз уақытын дұрыс пайдалана алады. Ал егер оған кедергі келтіріп, дәл сол автобус жолағында көлігін жүргізетіндерге мемлекет айыппұл қарастырған.
«Егер автобус жолағымен жеке көлік тізгіндегендер жүрсе, белгіленген айыппұл көлемі – 3 АЕК. Яғни 11796 теңге төлеуі тиіс. Бір ескерер жайт бар. Егер тәртіп бұзған жүргізуші бір аптаға жеткізбей төлем жасаса, айыппұл көлемі қысқарып, 5898 теңге ғана төлейді. Екіншіден, жылдамдық шектеу белгісі бойынша, яғни мектеп жанындағы «40» жол белгісіне қатысты тұрғындар тарапынан ұсыныс болып жатады. Олар жазғы каникул кезінде немесе кешкі 8-ден соң жылдамдықты 40-тан асыруға рұқсатнама болғанын қалайды. Бірақ бұл – негізсіз ұсыныс» дейді қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасы жол және техникалық инспекция бөлімінің инспекторы, полиция капитаны Мақсат Имашов.
Мақсаттың айтуынша, жазғы каникулда, кейбір дайындық сабақтарынан бөлек, мектеп жанынан жазғы лагерлер ашылады. Демек, білім беру мекемесінде жұмыс жүреді деген сөз. Сондай-ақ мектеп ауласындағы шағын футбол немесе өзге де спорт алаңдарын жаз бойы сол аудандағы оқушы балалар үзбей пайдаланатынға ұқсайды. «Мұндай сәтте сол маңдағы көлік қозғалысындағы қауіпсіздік мәселесі бірінші орында тұрғаны дұрыс» дейді Мақсат Бақтыберліұлы.
Қош, барлық айтқан мәселедегі шешімнің бағыты біреу-ақ. Бастысы – тұрғындардың жолда жүру уақытын ұрламау һәм қауіпсіздік. Автобус жолағын орнатудағы ең бірінші мақсат осы болып тұрғандай. Екіншіден, автобус жолағына қатысты жол белгілерін жаңарту (жүргізушілерге ашық әрі анық көрінуі) әкімдік құзыретіне кіреді екен. Ал Әкімшілік полиция басқармасының міндеті – мұндай белгілердің дұрыс әрі өз тәртібімен орналасуын қадағалау.
Бір белгілісі, автобус жолағының пайдасы қала тұрғындарына тиімді болып отыр. Тағы қайталап айтсақ, арнайы жолақ қоғамдық көліктердің уақыты мен бағытын дұрыс үйлестіруге негізделгендей. Айтпақшы, мақала басында айтқандай, Абылай хан даңғылындағы қанатқақты жоба өзге көшелерде әзір орнатылмайтын сияқты. Әкімшілік полиция басқармасы қызметкерлерінің сөз ауанынан осыны байқадық.
Ержан ҚОЖАС