Aulafit маусымы аяқталды

Бас қалада әлеуметтік-спорттық Aulafit жобасының жазғы маусымы аяқталды. «Гранд Астана» тұрғын үй кешенінің ауласында ұйымдастырушылар ересектер мен балаларға арналған мерекелік іс-шара өткізді.
Жоба ұйымдастырушыларының бірі Айтжан Мусин AulafiT тек спортты дәріптеп қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтынын атап өтті.
– Басты мақсат – салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту. Көбірек адам спортпен айналысса дейміз. Мысалы, осы ауланың тәжірибесінен дұрыс бағытта келе жатқанымызды түсіндік. Бұл жерде жаз бойы кішкентай балалардан бастап қарттарға дейін көп тұрғын жаттығуға шықты. Ең үлкені – 86 жаста, ол да бәрімен бірге бірдей жаттығып жүрді, – деді ол.
Aulafit маусымнан қыркүйекке дейін жалғасып, 30 аулада өтті. 3 жастан 80 жасқа дейінгі 5000-нан астам тұрғын кәсіби жаттықтырушылардың жетекшілігімен тегін спортпен айналысты. Жаттығулар аптасына алты күн жүргізілді. Бағдарлама жас ерекшелігіне қарай бейімделіп, жалпы дене дайындығы, гимнастика, фитнес-йога, командалық ойындар, футбол, волейбол және ауладағы ойын-сауық түрлерін қамтыды. Барлық сабақты жоғары білімі бар мамандар – мектеп пен университет оқытушылары жүргізді.