Аты Арыстан, тірлігі ше?

Air Astana компаниясының еншілес ұйымы ретінде құрылғанына алты жыл болған қазақстандық лоукостер – Fly Arystan компаниясы төңірегінде шу мен шағым көп. Билеті арзан деп бөркімізді аспанға атқанмен, жүк тасымалдау құны халықтың ашуын келтіріп, бастапқы қуаныш су сепкендей басылған. Тіпті ашулы халық «Аты арыстан, тірлігі тышқан» деп айдар тағып та үлгерді. Дегенмен басқа таңдау жоқ болғасын, қалтасы жұқа жолаушы компания қызметіне жүгінуге мәжбүр.
Ауық-ауық танымал азаматтар да, қарапайым халық та тек жүк өткізу құнына ғана емес, басқа да қызметтеріне қатысты мәселелерін көтеріп, желіні жиі шулатады. «Балалар билетін 50% қымбатқа сатқан», «Рейстері себепсіз сағаттап кешігеді», «Қызмет көрсету деңгейі адам төзгісіз», «Жолаушылардың билеттері мен жүктеріне алатын ақшасы удай қымбат» деген сөздер көп айтылады.
Шағымдардың басым бөлігін жүк үшін төленетін ақының билет құнынан асып кетуі, соған қатысты жолаушыларға алдын ала дұрыс ақпарат берілмеуі туралы мәселе құрайды. Мысалы, жолаушылардың бірі: «Флай Арыстан компаниясының қол жүгімiз 5 килограмнан 1-2 кг асқаны үшін 3-5 кг еттің бағасын төлеткенi дұрыс па? Неге тіркеу өтетін кезде ескертпей, ұшаққа отырар алдында ақша талап етеді? 1-2 килограмға 15 000 теңге төлемеу үшін не бiлген жөн?» деп өкпесін жазады.
Осы мәселе бойынша азаматтар шағымына қатысты кеңес беретін адвокат Айжамал Мыңжасардың айтуынша, көп жағдайда бұған азаматтардың өздерінің сауаттылығының төмендігі себеп болады.
– Бұл компанияға шағым көп екені рас, оның болатыны себепсіз де емес. Көп шағым қол жүгін өткізудегі бағасына қатысты болады. Мысалы, тіркеуден өткен кезде олар ештеңе деп айтпайды, 5 кг деген сурет қана тұрады. Соның қасына «егер 5 келіден артық жүк алып өтсеңіз соған да төлейсіз» деп жазып қояр болса немесе жүгін өлшеп жатқан кезде, «қазір ішке кірген кезде өлшейді, сол кезде салмағы асып кетсе тағы төлейсіз» десе, адам тоқтап алдын ала білер еді. Ал негізінде өздерінің ішкі ережелері бар. Халықтың көбі сол ережелерді мұқият оқымайды. Олар халықтың сауатсыздығын пайдаланады. Азаматтар өздерінің құқығын біле бермейді. Бұл жерде 5 кг деп өткізеді, ішіне өткен соң алдыңнан атып шығып, таразыларын қояды да, тәртіп сақшылары сияқты «Қазір тексереміз» дейді. Сөйтіп, адамдардың бәрін бір қатарға тұрғызып, жүктері 5 келіден сәл асса, тіпті 500 грамға көбейсе де, 1 келіден асса да бірден көп ақша төлеткізеді. Сөйтіп, ұшар кезде бағасы басқа болып кетеді. Бұлардан өзге бірде-бір компания осылай тексермейді. Бұл компанияда билетті 15-20 мың теңгеге алып, жүк үшін 30 мың төлеуіңіз мүмкін. Мұны мен әуежайда алдыңнан шығатын «тосынсый» деп атар едім. Адамдар өз құқығын білмегеннен кейін арыз-шағым жазбайды немесе қолы тимейді. Қолын сілтеп кете береді.
Негізінде басқа компаниялар ішіне кірген соң тексермейді. Бұлардың таразы әкеп қоятыны да дұрыс емес. Сөйтіп «айламен» түсіретін қаржыны олар өздеріне бонус ретінде пайдаланады екен. Бұл деген көп ақша ғой. Халық сондықтан 5 келіден артық жүк алып өтпеуі керек. Егер алып өткісі келсе, 10 келі үшін төлеп, багажын қолына алып өтуіне болады. Болмаса үстіңізге киіп алыңыз немесе қолтығыңызға тығып алыңыз. Адамды таразыға өлшемейді ғой.
Шағымданған адамдар органдарға барып арыз жазуы керек, сол кезде ғана тексеріс болады, сонда ғана мәселе шешіледі. Барлық жерде камералар бар, содан да көруге болады. Менде де таразыға өлшеген сәтінен түсірілген бейнежазбалар көп, – дейді адвокат.
Осыған қатысты сұрақтарымызды компанияның баспасөз қызметіне жолдадық. Ондағы жауап мәтінінде:
– FlyArystan классикалық лоукостер моделіне сәйкес жұмыс істейді. Бұл модельге сай стандартты әуебилеттің құнына ұшақ бортындағы кездейсоқ таңдалған орын және салмағы 5 кг-нан, габариттері 56х23х36 см-ден аспайтын бір дана қол жүгін алып жүру мүмкіндігі кіреді. Жолаушы тегін 5 кг қолжүкті қосымша ақы төлеп, 10 кг ұлғайтылған қолжүкке айналдыра алады.
Егер қолжүктің салмағы белгіленген талаптарға сай болса, бірақ өлшемі 56х23х36 см-ден асып кетсе, ол жолжүк ретінде есептеліп, оны әуежайда тіркеу қажет болады. Егер де жолаушы жолжүкті алдын ала сатып алмай, әуежайдың өзінде төлем жасаса, жолжүктің әр килограмына белгіленген тариф бойынша ақы төлеуге міндетті. Қолжүктің салмағы шамадан асқанда, жолаушы «артық салмақ» үшін емес, жоғарыда айтылған «10 кг қол жүгін» алып жүру қызметі үшін ақы төлейді. FlyArystan жолаушыларына сапарын алдын ала жоспарлап, авиабилетті брондау кезінде (ресми сайт, мобильді қосымша, байланыс орталығы немесе туристік агенттік арқылы) қолжүктің салмағын арттыру қызметін алдын ала сатып алуды ұсынады. Айта кететін жайт – «10 кг қолжүкті» алып жүру қызметінің әуежайдағы құны ресми сату арналарынан алдын ала сатып алғанға қарағанда әлдеқайда жоғары болады.
Қолжүк пен жолжүкті тасымалдау ережелерімен толығырақ келесі сілтемеден танысуға болады: https://flyarystan.com/kk/hand-baggage» делінген.
Ал «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ мамандары осы мәселеге байланысты сұрақтарымызға берген жауабында FlyArystan әуе компаниясына қатысты жолаушылардың шағымдарының бірнеше себептерін атады.
«FlyArystan ҚР азаматтық авиация саласындағы заңнамасына және халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейтін лоукостер моделімен, яғни бюджеттік, қызмет көрсететін әуе компания екенін ескеру қажет. Мұндай әуе компанияларда билеттердің бағасы арзан болғанымен, қосымша қызметтер (багаж, орын таңдау, тамақ, т.б.) үшін бөлек ақы алынады. Әуе компаниясы тарапынан барлық шарттардың әуежайда немесе мобильді қосымшада алдын ала көрсетілетінін және барлық ақпараттың ашық екенін ескертеді. Әуе компаниялар жолаушылардың құқықтарын бұзған немесе рейстердің кешігуі кезінде заңда көзделген қызметтерді көрсетпеген жағдайда ҚР Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті өз құзыреті шеңберінде тиісті шараларды қабылдауға уәкілетті екенін атап өткен жөн. Шағымдардың көбеюі тек әуе компанияның «кінәсі» ғана емес. Бұл жерде екі тарап та – әрі әуе компания, әрі жолаушылар – өз жауапкершілігін түсініп, ортақ мүдде үшін әрекет етуі маңызды» дейді олар.
Олардың айтуынша, билеттің арзандығына қарамастан, кей жағдайда багаж құнының жоғары болуы – лоукостерлердің баға саясатына тән ерекшелік. «Халықаралық тәжірибеде бюджеттік әуе компаниялар негізгі қызметті, яғни ұшуды мүмкіндігінше қолжетімді бағамен ұсына отырып, қосымша қызметтерді (багаж, орын таңдау, тағам, т.б.) жеке төлеммен ұсынады. Бұл модель әлем бойынша (мысалы, Ryanair, WizzAir, AirAsia) кең таралған және коммерциялық жағынан тиімді, компания арзан билетпен жолаушыны тартады, ал қосымша қызметтерден табыс табады» дейді компания өкілдері.
Қазіргі таңда Fly Arystan әуе компаниясына қатысты тергеу жүріп жатыр.
Компанияның билет бағасын негізсіз көтергені анықталған жағдайда әкімшілік айыппұл салынады. «Айыппұл айналымның 5%-ын құрайды, сондай-ақ негізсіз баға айырмасы тәркіленеді. Сонымен қатар, компанияға бағаны төмендету туралы нұсқама беріледі» дейді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәмбетов.
Құқықтық сауаттылық әр адамға керек және қоғамдағы әділетсіздікпен күресіп, халыққа қолайлы ережелер орнатуда да маңызды. Сондықтан заңды біліп, соған сай әр азаматтың бейтарап қалмай, шағымдануы, арыз беруі, талап етуі ғана осындай компаниялардың «тұзағына» түспеуге септік етеріне сенім бар.
Райхан Рахметова