Басты ақпаратЕл тынысы

Аты аңызға айналған

Жеңіс күнінен алыстаған сайын, біз оның тарихи маңызын тереңірек ұғына түсеміз. Бұл күн – аға буын мен бүкіл халықтың тағдырындағы ең басты кезең. Ол ешқашан ұмытылмауы тиіс, өйткені Жеңіс өмірлерін қиған, бірлікті, бауырластықты және бүкіл Кеңес халқының қаһармандығын қажет еткен. Сол халықтың тең мүшесі ретінде Қазақстан Республикасы да майдан мен тылда Отанды қорғауға белсене қатысты. Бабаларымыз бен аталарымыз қымбат баға төлеп алып келген Ұлы Жеңіс – егеменді Қазақстан Республикасы үшін ерекше мәнге ие.

Біз өз тәуелсіздігімізді, бостандығымызды, ха­­лықтар дос­тығын сақтауымыз керек, ата-бабалар аманатын адал орындауға тиіспіз. Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен әкелеріміздің ерлігі бүгінгі таңда, Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің берік іргетасы болды. Екінші дүние­жүзілік соғыстың бар ауыртпалығы мен қиындығын Кеңес халқы көтерді, оған біздің рес­публикамыз да лайықты үлес қосты және оны ешкім тартып ала алмайды. Соғыс сұмдық, қорқынышты әрі күйретуші болды. Ол қасірет ешқашан қайталанбасын.

Аға буын Қазақстан халқы мен жастарын еліміздегі бейбітшілік пен тыныштықты сақтау, жастарды барлық этностарға деген достық пен құрмет рухында тәрбиелеу қажеттігін айтып келеді. Тәуелсіздік пен бейбіт өмірдің арқасында біз зор жетістіктерге жеттік.

Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былай деген: «Жоғары патриоттық рухқа ие ұлт барлық мақсатына жетеді. Біздің миссиямыз – Жаңа Қазақстанды құру. Әр азаматтың конституциялық құқықтарының сақталуын қамтамасыз етеміз. Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сыйластық пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениет қалыптастырамыз. Біз өз басты құндылығымыз – тәуелсіздікті сақтауымыз керек, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, еліміздің трансформациясына күш салуымыз қажет. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз».

Бүгінгі күні бұл міндеттер өмірге сәтті енуде. Соғыс жылдары Қазақстаннан майданға 1 миллион 700 мыңнан астам адам майданға аттанды. Қазақ сарбаздары ерекше ерлік пен батырлық көрсетті. Олардың жартысынан астамы майданнан оралмады.

Әр жылдың 9 мамырында – Ұлы Жеңіс күні – біз ерлік көрсеткен және Отан үшін жанын қиған жауынгерлерді еске аламыз. 558 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Солардың бірі – Ұлы Отан соғысының батыры, Отанға адал нағыз патриот, өзінің ерлігімен Ұлы Жеңісті қорғап қалған тұлға, штурмовик-ұшқыш, авиация генерал-майоры, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, мемлекет және қоғам қайраткері Талғат Якубекұлы Бигелдинов.

Талғат Бигелдинов 1922 жылы 5 тамызда Ақмола облысы Ақмола ауданы Майбалық ауылында дүниеге келген, қазіргі уақытта бұл жер Есіл ауданы, Астана қаласына қарайды. Туған ағасы ­Якубек Бигелдиновтің тәрбие­сінде болды. Шын аты-жөні – ­Бигелдинов Талғат Түсіпбекұлы, ұлты – қазақ. Балалық шағы мен жастық кезі Қырғыз­станның астанасы Бішкек қаласында (сол кездегі Пішпек) өтті.

Талғат бала күнінен ұш­қыш болуды армандады. Тағдыр оны көк аспанмен байланыстырды. Талғат деген есімнің өзі араб тілінен аударғанда «биіктік», «көтерілу» деген мағынаны білдіреді, бұл оның кәсіби жолын дәл айқындады.

Мектепте оқи жүріп, Фрунзе әуе клубына түседі. Өзінің алғашқы ұшу сәтін Талғат: «Ұшақ жерден көтерілгенде қуаныштан айқайлап жібердім» деп сипаттайды. Әуе клубын және орта мектепті бітірген соң, 1940 жылы Саратов әскери ұшқыштар мектебіне, кейін Орынбор әскери авиациялық училищесіне түсіп, оны 1942 жылы аяқтайды.

1943 жылдың қаңтарынан бастап, Ұлы Отан соғысына қатысады. Штурм авиациясында жауынгерлік тапсыр­маларды орындайды: жау әскерін, эшелондарды, көпірлерді, танктерді жояды, әуе барлау жүргізеді. Талғат Якубекұлы штурмовик-ұшқыштан бастап авиаэскадрилья командиріне дейін өседі. Калинин, Воронеж, Степной, 2 және 1 Украин майдандарында шайқасты. Курск шайқасына, Днепр­ден өтуге, Львов-Сандомир, Силезия және Берлин операцияларына қатысқан.

Ұлы Отан соғысы кезінде Ил-2 ұшағымен 305-тен астам жауынгерлік ұшу жасады. Әуе­де 500 сағат ұшып, 15 әуе шайқасында, 5 жау ұшағын жеке, 2 ұшақты топпен атып түсіреді.

Талғат Бигелдинов алғаш­қы ұшуынан-ақ ерекше ерлік пен дәлдікті көрсетті. Оны екі рет жау ұшақтары атып түсірді, бірақ ол тірі қалып, қайтадан өз полкіне оралды. Жарақаттанып, жау тылында бірнеше күн жүріп, Солтүстік Донец өзенінен жүзіп өтіп, өз әскеріне жеткен.

1943 жылы Харьков аэродромына шабуыл кезінде екі жау ұшағын жойып, бірнешеуіне зақым келтірді. Ол: «Бірінші шайқасты аман-есен өткізу маңызды. Қорқыныш сезімі болса да, оны жеңу керек. Соғыстың заңы қатал: өлсең де, тапсырманы орында» деп жазды.

Днепр өзені арқылы өтетін көпірді жою кезіндегі ерлігі ерекше аталды. Сонымен қатар, Берлин операциясы кезінде Берлин үстімен барлау ұшуын орындап, жаудың бетін қайтарды.

1944 жылы 27 маусымда Талғат Бигелдиновке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 1945 жылы Берлин шайқасындағы ерлігі үшін екінші мәрте Кеңес Одағының Батыры атанды. Ол кезде жасы небәрі 23-те еді.

Соғыстан кейін, 1950 жылы Мәскеудегі Әскери-әуе академиясын аяқтады. 1957-1970 жылдары азаматтық авиацияда еңбек етті. Кейін Қазақ КСР-нің Мемқұрылысы жүйесінде жұмыс істеді. Оның басшылығымен Қазақстанда 20 жаңа ұшу-қону жолағы салынды.

Ол Мәскеудегі құрылыс инженерлік институтын сырттай аяқтады. Талғат Бигелдинов Қазақстанның көптеген тарихи нысандарының құрылысына қатысқан.

КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып үш мәрте сайланды. Екі мәрте Ленин орденімен, Александр Невский орденімен, Қызыл Ту, І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, Қызыл Жұлдыз және Слава ордендерімен, Қазақстанның «Отан», «Даңқ» ордендерімен марапатталған. Талғат Якубекұлы 93 жасында өмірден өтті. Алматы қаласындағы Кеңсай зиратында жерленген.

Талғат Бигелдинов – Қазақ­станның тарихындағы халық қаһарманы, жастарға үлгі болған шынайы офицер-патриот. Оның атымен әскери оқу орындары, мектептер аталған. Ол туралы кітаптар жазылып, фильмдер түсірілген. Астанада, Көкшетауда, Бішкекте, Ақтөбеде, Ақмола ауылында ескерткіштері қойылған.

Оның есімімен Астана халықаралық әуежайын атау туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Бұл – орынды бастама. Ол – Қазақстанның жалғыз екі мәрте Кеңес Одағының Батыры болған қазақ ұшқышы.

Талғат Бигелдинов өз өмі­рін Отанға қызмет етуге, елін сүюге және құрметтеуге арнаған аңыз адам ретінде тарихта мәңгі қалды.

Амангелді АШИРОВ,

Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің медиатобының мүшесі,

Ж.АКБЕРГЕНОВА, Астана қаласы

Ардагерлер кеңесінің кеңесшісі

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button