Аттың құлағында ойнайды

Сағыныш Тимурмен телефон арқылы тілдесіп алған соң, кездесуге келістік. Астаналық циркте қызмет ететін қыздың тілі жатыңқы. Қазақы бояуы жоғалмаған. Цирк қызметкерінің өз тілін жоғалтып алмағанына қуанып, қиялым қанат қақты. Ат құлағында ойнайтын аруды көргенше асықтым. Ұзын бойлы, қара дүрсін қыз шығар деген ойымның Сағынышты көргенде күл-талқаны шықты.
Цирктің алдынан талдырмаш қараторы қыз күтіп алды. Жүзі жарқын, бойы аласалау қыз баласын бір кездескенде ат үстінде өнер көрсетеді деп айту қиын.
– Сағынышсыз ба?
– Иә!
Таңданысымды білдірмеуге тырысып, сөзге тарттым.
– 2016 жылдары циркке келдім. Анам осында хореограф болып еңбек етті. Қазіргі уақытта көгершін баптайды. Сол көгершіндермен өнер көрсетеді. Екі апам мен бір сіңлім бар. Олар да осы цирк саласында қызмет етеді. Барлығымыз анамыздан үйреніп, өз таңдауымыз бойынша еңбек етіп жатырмыз. Отбасымызбен циркте қызмет істейміз. Осы жерде жүріп көп дүние үйрендім. Атқа мінуге деген қызығушылығым оянып, содан өзімді осы жерден көргім келді. Шүкір, сол арманым алдамапты. Қазір ат үстінде көптеген қойылым көрсетеміз. Әрине, жалғыз өзім жасамаймын, командамыз бар. Жеті жігіт еңбек етеді, – деді кейіпкерім.
Командалық жұмысты бірге істейтін қыз-жігіттердің қай-қайсысы да өз ісінің шебері. Соның ішінде Сағыныштың ат құлағында ойнауы көптің көңілінен шығыпты.
– Біз өнер көрсетіп болған соң, көрермендер тарапынан мақтау сөздер айтылып жатады. Әрине, бұл шабыттандырады. Біздің де мақсатымыз сол, көрерменді жалықтырып алмай, көңілінен шығатын дүние ұсыну ғой. Шүкір, анашым да, апаларым мен сіңлім де елдің алдында өнер көрсетіп жүр. Бастысы басымыз аман болғай, өз басым отбасыммен мақтанғым келеді, – дейді Сағыныш Тимур.
Бір жылдары Қытайға барған қазақ қызын жергілікті мамандар жақтыра қоймапты. Себебі кішкентай қыздың ат үстінде өнер көрсете алатынына сенім арта алмаған. Алайда Сағыныш өнері арқылы мамандарға өзін дәлелдеген. Кейіннен қуана қол соққан қытай мамандары қаршадай қыздың өнерін бағалапты.
– Алғашқыда кім болса да көзін жеткізіп алмайынша, өнеріңе баға бере алмайды. Сыртқы пішініңе қарап болжап қоюы мүмкін, бірақ қалай болған күнде де өз мінезіңді, біліміңді, қайсарлығыңды көрсете алсаң, өнер қақпасы өзінен-өзі ашылып тұрады. Оның үстіне біздің жұмыс командалық болғаннан кейін өз басымда аса қорқыныш бола бермейді. Бастысы ат үстінде өзіңді жоғалтып алмауың керек. Сенімді бол, сонда ғана дегеніңе қол жеткізе аласың, – деді әңгіме барысында Сағыныш өткен күндеріне шолу жасап отырып.
Әлемге аты таныла бастаған қаршадай қыздың жылқы жалына жармасып келе жатқанына биыл 8 жыл толыпты. Өзінің айтуынша, әзірге аттан түскісі жоқ. Шетелге жиі шығып тұратын өнерпаздың өз елінің ішінде жүріп өзгелерді мойындата білуі – жетістік. Қызға тән қылығын жоғалтпаған Сағыныштың арманы да асқақ. Болашақта жастарды тәрбиелегісі келеді. Олардың уақытының бос өтпеуіне барын салып, білгенін үйретсем деген ниеті бар. Көрерменін қуанта алған арудың алар асуы әлі алда. Ол қазақ байрағын желбірете беремін деп сеніммен айтты. Сенім арттық.
Алаш аспанының астында ат үстіндегі қазақтың аруы қуаныштың қиқуын салып барады. Жылқы оны, ол жылқыны жақсы танып алған. Тынысты тереңнен алып, құлашын кеңге жайып, ақ боз аттың үстінде арманын аласартпаған Сағыныштың сәулелі сәті түгесілмегей!
Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ



