
«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы Астана қалалық штабының мүшелері елордадағы ASTI ЖШС ұжымымен құрылыс басында кездесті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара ашық пікір алмасу форматында өтіп, спикерлер Ата заңға енгізілетін өзгерістердің мазмұны, олардың ел дамуына ықпалы және алдағы республикалық референдумның маңызы жөнінде жан-жақты ақпарат берді.

Кездесуге 60 шақты жұмысшы қатысты
«Бүгінде үлкен өзгерістердің алдында тұрмыз. Еліміздің жаңа Конституция жобасы республикалық рефрендумға шығарылғалы отыр. Бұдан бұрын жаңа жоба бойынша 80 мыңнан астам хат келіп, мыңдаған ұсыныстар болды. 1995 жылғы Конституция қабылданғанда, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияда 12 адам ғана болса, қазіргі комиссияда 130 адам жұмыс істеді. Әр саланың маманы, ішінде халықтың өкілдері бар – жаңа заңнамамыздың нормаларын жан-жақты талқылады. Бұрынғы Конституция нормасы Кеңес үкіметі кезеңіне қарай ыңғайлап жазылса, бүгінгі Ата заңымыз өз еліміздің ерекшелігіне, жаңа заманға орайластырып жазылып отыр», — деді Астана қаласы мәслихатының VII шақырылым депутаты Серік Түсіпов.
Amanat партиясы Астана қалалық филиалы саяси бөлімінің басшысы Әбдіғани Базылханұлы осындай тағдыршешті кезде Қазақстандағы ықпалды саяси күштер, қоғамдық ұйымдар, әрбір елге жаны ашитын азаматтар бірлесіп, жалпыхалықтық коалиция құрып, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқандарын айтты.
«Әр халықтың, әр адамның көкейінде жеке мемлекет болсақ деген арманы болады. Әрі сол мемлекеттің ұлттық құндылықтарын ұлт ретінде сақтау үшін ұлттың тілімен жазылған Ата заңын қабылдау маңызды. Міне, алты айдан бері сол жаңа Конституциямыздың жобасы жасалып, енді республикалық референдумға дауыс беруге шығарылғалы отыр. Ендігі мақсатымыз – болашағымыз, елдігіміз, ертеңіміз үшін әрбір саланы қамтыған 96 баптан тұратын Ата заңымызды шегелеп бекітіп алу. Бүгін біз Ата заңымызды талқылауға емес, түсіндіруге келіп тұрмыз. 15 наурыз күні дауыс беру арқылы жаңа Ата заңымыз бекітілуі керек. Бұл – «Әділетті Қазақстанға» жету үшін, заң мен тәртіп сақталып, әрбір адамның құқы қорғалуы үшін қажетті аса маңызды референдум. Әрі қарай Ата заңның жаңа нұсқасында жазылғандай, мемлекет халық үшін қызмет етпек», — деген спикер жиналғандардан осы маңызды шараға бүкіл ел болып атсалысуды сұрады.
Кездесу барысында кәсіпкерлер мен жұмысшылар жаңа заңнама нормаларына қатысты сауалдарын қойып, жауаптар алды.
Мекеме басшысы коалиция мүшелеріне маңызды ақпараттар бөліскендері үшін алғысын айтты.



