Ел тынысыСаясат

Ата заң жобасын еңбек адамдары талқылады

Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов «Paving Stone Company» ЖШС және «Selena Insulations» («Селена Инсулейшн») ЖШС қызметкерлерімен кездесті.
Кездесу барысында спикер Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының негізгі ережелерін таныстырып, оның қоғамдық талқылану барысы жөнінде кеңінен ақпарат берді.

Өз сөзінде Төлеген Күнәділов жаңа Конституция жобасының 84 пайызына өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, ұсынылып отырған жоба қарапайым азаматтардың, соның ішінде еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған.

«Жаңа Конституция жобасында еңбек саласына қатысты маңызды өзгерістер қарастырылған. Бұрын “әр адамның еңбек ету бостандығы бар” деген норма болса, қазіргі жобада ол “әр адамның еңбек ету құқығы бар” деген ұғыммен алмастырылып отыр. Бұл — мемлекеттің азаматтарды жұмыспен қамтуға және еңбек етуге жағдай жасауға тікелей жауапкершілік алатынын білдіреді. Сонымен қатар әрбір еңбек адамы лайықты жалақы алуға, қауіпсіз еңбек жағдайында жұмыс істеуге және жұмыс орнынан аман-есен үйіне оралуға құқылы», -деді ол.

Сондай-ақ Төлеген Күнәділов жаңа заңның бұрынғы заңнан басты айырмашылықтарына тоқталды. Оның айтуынша, бұрынғы Конституция алдымен орыс тілінде жазылса, жаңа Конституция жобасы ең әуелі қазақ тілінде әзірленіп, кейін орыс тіліне аударылған. Бұл -мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру жолындағы маңызды қадам. Бұдан бөлек, ұсынылып отырған өзгерістер түбегейлі саяси жүйені өзгертуге емес, керісінше жауапкершілікті қайта бөлуге және биліктің шамадан тыс шоғырлануын азайтуға бағытталғаны айтылды. Мұндай өзгерістер жұмысшы, мұғалім, дәрігер, шахтёр секілді әрбір азаматтың өз құқықтарын қорғауына арналған нақты әрі тиімді тетіктерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында еңбек кепілдіктеріне ерекше назар аударылды. Жаңа Конституция жобасында «еңбек ету бостандығының» орнына «еңбек ету құқығы» ұғымының енгізілуі мемлекеттің халықты жұмыспен қамтуға тікелей жауапкершілігін көрсетеді. Сонымен қатар алғаш рет қауіпсіз еңбек жағдайлары мен қызметкерлерді әлеуметтік қорғауға қатысты нақты кепілдіктер конституциялық деңгейде бекітіліп отыр.
Реформаның маңызды элементтерінің бірі ретінде Халық кеңесі аталды. Бұл алаң кәсіподақтарға заң шығару үдерісіне қатысуға, қоғамдық бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Аталған тетік арқылы Лайықты еңбек жөніндегі ұлттық бағдарламаны қабылдау, сондай-ақ Халықаралық еңбек ұйымының Ең төменгі жалақы туралы 131-конвенциясын ратификациялау мәселелері ілгерілегені айтылды.

Шапағат Әбдір

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button