
«Wyndham Garden Astana» қонақ үйі қызметкерлерімен жаңа Конституцияға байланысты кездесу өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, жоғары санаттағы акушер-гинеколог, Есіл ауданы бойынша жалпыұлттық коалиция мүшесі Сұңқар Хангельдина және Астана қаласы мәслихатының депутаты Ғабит Тәжімұратов қатысты.
Кездесу барысында спикерлер Конституциялық реформалардың мән-маңызына тоқталып, олардың ел дамуына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталғанын атап өтті.

– Жаңа Конституциялық өзгерістер – бұл әділетті қоғам құруға жасалған маңызды қадам. Әсіресе, отбасы институтын нығайту, әйелдердің құқықтарын қорғау, әлеуметтік саясатты жетілдіру бағытындағы бастамалар ел болашағы үшін аса маңызды. Әрбір азамат Ата Заңда бекітілген құқықтары мен міндеттерін терең түсініп, қоғам өміріне белсенді қатысуы тиіс, -деді Сұңқар Хангельдина.
Ал Ғабит Тәжімұратов Конституциялық реформалардың жергілікті басқару жүйесіне тоқталып, қонақ үй қызметкерлерін 15-і Наурызда өтетін референдумға ат салысуға шақырды.
– Жаңа Ата Заңдағы жаңа бағыттар халық пен билік арасындағы байланысты нығайтады. Бұл – ашықтық пен есеп берушілікті арттыруға бағытталған нақты қадамдар. Әрбір өзгеріс халықтың әл-ауқатын жақсартуға қызмет етеді, – деді.
Кездесу барысында қонақ үй қызметкерлері өз сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Іс-шара еркін форматта өтіп, қатысушылар жаңа Конституцияның негізгі бағыттары жөнінде жан-жақты ақпаратқа қанықты.
Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ



