Ел тынысыСаясат

Ата Заң – елдіктің арқауы, тәрбие мен білімнің кепілі

Конституцияға енгізіліп жатқан соңғы өзгерістерді еліміздің даму жолындағы маңызды қадамдарының бірегейі деп санаймын. Әсіресе, білім беру саласының маманы ретінде, тәрбие жүйесінің зайырлы сипатын бекіту, білім мен ғылымды дамытуға басымдық беру, ұлттық бірегейлік пен мәдени мұраны қорғауға ерекше мән беру секілді өзгерістерді ішкі ризашылықпен қабылдағанымды жасырмаймын.

Жақында ата-аналарды педагогикалық-психологиялық қолдау орталығының кезекті семинарына 100-ден аса келген ата-аналарымызға (әкелеріміз аз келіпті): «Сіздер қазір әр саланың мықты маманысыздар. Біреуіңіз мықты дәрігер, заңгер, педагог, IT маманы, екіншіңіз кәсіпкер, тіркелушілері көп блогер, тілшісіздер. Біз өз саламыздың майталманына айналу үшін бірнеше жыл оқимыз, диплом аламыз, ол аздай магистратураны тамамдап өз саламызды зерделеп, зерттеуге тырысамыз. Қала берді жыл сайын бір емес, бірнеше рет курстан өтеміз. Ал жақсы ана, жақсы әке болу үшін неше кітап оқыдыңыз? Неше сағаттық курстан өттіңіз?» деген сұрақ қойылды. Өкінішке орай, бір де бір ата-ана кері байланыс бере алмады. Тіпті, жаңа ғана көз алдымызда шалқайып, асқақтап отырған ата-аналарымыз бір түрлі төмен қарап қалғандай көрінді…

Қазіргі балалардың тыңдамайтыны, өресінің таяздығы туралы айтамыз, бірақ “неге бұлай болып жатыр?” деген сұрақ аясында зерттеу, тіпті зерделеу аясындағы жұмыстарға сырттан ғана көз қырымызды саламыз.
Тәрбиені зайырлы ету дегеніміз де осы. Балаларымыз басқаларды киіміне, түріне, сән-салтанатына қарап сыйлауда. Себебі көбісі ата-анасынан тек жақсы тамақ ішіп, әдемі киім киюді, ақысы мен сервисі жоғары курстарға баруды, тағы-тағыларды үйренуде, кейін олар өз балаларына да осы құндылықтарды ғана дарыта алатын болады.

Осы орайда, “Адал азамат” біртұтас тәрбие бағдарламасының іске қосылуы, Ата Заңымызда тәрбиеге ерекше мән беріліп жатқаны, расымен, көңілге медеу.

Біз, үлкендер, ата-аналар мен педагогтер, қарапайым ғана дүниені ескерсек деймін. Әлі де балаларымызға тәрбиені өзімізде бар құндылықтар негізінде беруді әдетке айналдыра алмай келеміз.
Қазір оқимын, ізденемін деген адамға ресурс деген жетеді, тек уақыт пен дағдыны реттесеңіз болды. Балаға сағаттап ақыл айтып, оны да, өзіңізді де шаршатқаннан гөрі, тәрбиенің тетігін өзі табатындай жол көрсетсеңіз жетіп жатыр. Бұған өзіміздің рухани құндылықтарымыздың бастауы — қысқа ғана мәнді әңгіме, аңыз, ертегілеріміздің, мәдени-тарихи мұраларымыздың пайдасы зор. Рухы толыққан баланың білім мен ғылымға қызығушылығы артатынын ғалымдар дәлелдеп те жатыр. Олай болса, Ата Заңымызға енгізіліп жатқан бұл өзгерістер жоғалтып алған құндылықтарымызды қайтару не қайта қауышу қуанышымен үндесіп жатқаны сөзсіз.

Гүлжан Төлеу,
Астана қаласы Сырбай Мәуленов атындағы 37 мектеп-лицейінің директоры, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button