Ат құлағында ойнады

Бас қаладағы «Арғымақ» ат спорты кешенінде конкур бойынша Еуразия лигасының әлем кубогы кезеңі мен атпен мәнерлеп жүруден халықаралық турнир өтті. Елорда тарихында алғаш рет ұйымдастырылған жарысқа Армения, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстаннан 60-қа жуық спортшы, бұған дейінгі кезеңдердің жеңімпаздары мен болашақ дебютанттар – Еуразиялық лиганың ең мықты шабандоздары қатысып, өз шеберлігін көрсетті.
Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев қатысып, ресми түрде жарыстың басталғанын жариялады. Осылайша, бірінші күні үш түрлі сайыс өтті. Нәтижесінде 125 см биіктіктегі кедергілермен өткен Еуразия лигасы әлем кубогы кезеңінде I орын Қырғызстаннан келген Андрей Тряпицынға бұйырды, II орын – Өзбекстан өкілі Хуршидбек Алимджановқа, ал III орын қазақстандық Даяна Оңаеваға тиесілі болды. Сол деңгейдегі Maxima Masters Eurasia шағын кубогында I орын Қазақстан атынан сынға түскен Бекжан Байжанұлына, II орын Андрей Тряпицынға (Қырғызстан), III орын Хуршидбек Алимджановқа (Өзбекстан) бұйырды.
140 см биіктіктегі кедергілермен өткен үшінші сайыста барлық жүлделі орынды өзбекстандық спортшылар иеленді: I орын – Хуршидбек Алимджанов, II орын – Акбар Шарипов, III орын – Бекзод Курбанов. Соңғы күнгі нәтиже бойынша Maxima Masters Eurasia шағын командалық кубогы аясында 130 см биіктіктегі конкурда I орын – Қазақстан құрамасына, II орын – Өзбекстан құрамасына, III орын Қырғызстан құрамасына бұйырды.
Гран-при бәсекесі – Еуразия лигасының әлем кубогы кезеңінде, 160 см биіктіктегі конкурда I орын – Қырғызстан атынан сынға түскен Камиль Сабитовқа, II орын – оның отандасы Ринат Галимовқа, III орын Өзбекстан өкілі Хуршидбек Алимджановқа бұйырды.
Турнирдің жабылу салтанатында ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов халықаралық жарыстардың еліміз үшін маңызына тоқталып, оны жан-жақты насихаттау қажет деді. Сондай-ақ ол барлық спортшылар мен ұйымдастырушыларға алғысын білдірсе, жарысқа төрелік еткен халықаралық деңгейдегі төрешілер турнирдің жоғары ұйымдастырушылық деңгейде, халықаралық стандарттарға сай өткенін атап өтті.
Жалпы жүлде қоры 24000 АҚШ долларын құраған жарыс отандық спорт пен халықаралық ынтымақтастықты дамытуда маңызды қадам болды.
Шапағат ӘБДІР