Мәдениет

Астананың тынысын бейнелеген «Қала ырғағы» көрмесі

Биыл 21 қаңтар мен 9 ақпан аралығында Қазақстан Республикасы Президенттік орталығында белгілі қылқалам шебері, график, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Жеңіс Какенұлының «Қала ырғағы» атты жеке көрмесі өтті. Аталған кезеңде көрмені мыңнан астам қала тұрғындары мен елорда қонақтары тамашалап, суретшінің шығармашылығымен танысу мүмкіндігіне ие болды.

Майлы бояумен, графика, акварель және аралас техникада салынған туындыларда қаланың танымал келбеті – көшелері, көпірлері және ең бастысы оның көңіл күйі бейнеленген. Әрбір жұмыс – жай ғана көрініс емес, суретшінің көзімен Астананың рухы мен атмосферасын жеткізуге жасалған талпыныс. Қаланың сәулеті, ырғағы мен энергиясы тек тұрғындарды ғана емес, қылқалам шеберлерін де шабыттандырады.

Жеңіс Какенұлының туындыларында Астананың әр мезгілдегі көріністері көрініс тапқан. Көрермендер қаланың сол жағалауындағы ғимараттарды – «Изумрудный квартал», «Северное сияние», «Триумф Астаны» кешені, «Транспорт Тауэр», Неке сарайының күмбездерін оңай таниды. Бұл картиналарда Астана тек шынайы бейнесінде ғана емес, қазақ халқының ұлттық қолданбалы өнерінің бояуларымен де көркемделген. Суретшінің полотнолары өзіндік ерекше көркемдік қуатымен ерекшеленеді.

Жеңіс Какенұлы әртүрлі бағытта жұмыс істейді: кескіндеме, графика, компьюарт. Суретшінің шығармашылығы тірі поэтикалық образ бен көңіл күйдің нәзік өзгерістерінің өзара үйлесіміне ұмтылысымен ерекшеленеді. Бұл әсер бояудың ғажайып үндестігі арқылы беріледі. Ұсынылған топтамадағы әр картина дара сипатқа ие. Сонымен қатар, барлығы бірігіп суретшінің рухани мазмұнға толы тұтас әлемін қалыптастырады. Көрме автордың өзіне шабыт беріп келе жатқан қалаға деген шығармашылық сүйіспеншілігінің көрінісіне айналды.

Көрменің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Президенттік орталығы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова өз сөзінде:«Бұл көрме – жай ғана заманауи қала туралы көркем әңгіме емес. Бұл – оның тынысын естуге, қозғалысын сезінуге, адам өмір сүретін кеңістіктің ішкі ырғағын аңғаруға жасалған талпыныс. Суретшінің жұмыстарында қала ғимараттар мен көшелердің жиынтығы ретінде емес, мағынаға, эмоцияға және уақытқа толы тірі ағза ретінде көрінеді. Көрме көрерменді қалаға қайта үңіліп, оны сезінуге шақырады: әр қаланың өз мінезі, өз қарқыны, өз жады бар», – деп атап өтті.

Көрме қорытындысында Жеңіс Какенұлы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 35 жылдығында ұйымдастырылған көрменің жоғары деңгейде өткеніне алғыс білдіріп, Президенттік орталық ұжымына ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ ол Орталық музей қоры үшін өзінің ең үздік 27 туындысын сыйға тарту туралы шешім қабылдады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button