Астаналықтар қанша су тұтынады?

Елорда тәулігіне орта есеппен 360 мың текше метр ауыз су қолданады. Бұл көлем қаланы үздіксіз сумен қамтамасыз етуге жеткілікті.
Қаламызға ауыз су Ақмола облысы Аршалы ауданында орналасқан «Астана» су қоймасынан жеткізіледі. Су қоймасынан алынған су қалалық «Астана су арнасы» кәсіпорнына қарасты 3 сорғы-сүзгі станциясы арқылы өңделіп, тұрғындарға беріледі. Аталған станциялардың жалпы қуаты тәулігіне 410 мың текше метрді құрайды, бұл қазіргі тұтыну көлемінен 50 мың текше метрге артық. Бірінші станция 1960 жылдан бері жұмыс істейді және 2017-2018 жылдары қайта жаңғырған. Екінші станция 2011 жылы іске қосылса, үшінші жаңа станция 2024 жылдың ақпан айында пайдалануға берілген. Су тапшылығының алдын алу үшін 6 таза су резервуары қарастырылған, олардың жалпы сыйымдылығы – 120 мың текше метр. Мамандардың айтуынша, қалаға берілетін ауыз су санитарлық талаптарға толық сай, эпидемиологиялық тұрғыда қауіпсіз әрі химиялық құрамы бойынша зиянсыз. Суды залалсыздандыру үшін натрий гипохлориті, ал тазарту үдерісінде коагулянт қоспалары қолданылады.



