Астаналық театрлар тынысы

Бүгін – Халықаралық театр күні. Астана қаласы Мәдениет басқармасына 7 театр қарайды. Бұл — «Жастар» театры, «Наз» мемлекеттік би театры, Қуыршақ театры, М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры, Музыкалық жас көрермен театры және «Қанаттылар» инклюзивті театры, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
2025 жылдың басынан бері елордалық театрлар 1 164 қойылым қойып, олардың 17-сі – премьера болды. Бүгінде елордалық театрларға келушілер саны 30%-ға артып, көрермендер саны 306 995 адамды құрады. Қазіргі таңда театрлардың репертуарында 199 қойылым бар: оның 88-і отандық авторлардың, 94-і шетелдік авторлардың шығармалары бойынша қойылған. Балаларға арналған қойылымдар – 75, ересектерге арналған – 124.

Музыкалық жас көрермен театры Д. Исабековтің «Гауһартас» музыкалық драмасын 300-ге жуық рет сахналап, екі жыл ішінде Қазақстан мен Еуразия кеңістігінде рекордтық көрсеткішке жетті. Аталған қойылым «UMAI-2023» ұлттық сыйлығының «Театр өнері» номинациясында «Ең үздік спектакль» атанды.
2024 жылдың қазан айында Ә. Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында М. Шахановтың «Танакөз» поэтикалық драмасының премьерасы өтті. «Ticketon Awards-2024» нұсқасы бойынша «Танакөз» қойылымы мемлекеттік театрлар арасындағы «Жылдың үздік спектаклі» деп танылды. 2025 жылдың шілде айында аталмыш театрда Табылды Досымовтың «Сәйгүлік» музыкалық драмасының премьерасы қойылды. «Сәйгүлік» спектаклі «STEPPE AWARDS 2025» нұсқасы бойынша «2025 жылдың үздік спектаклі» атанды. Аталған премия «STEPPE» медиасының жас креаторлар мен олардың жобаларын қолдау, танымал ету және ілгерілету құралы ретінде құрған Қазақстандағы креативті индустриялар саласындағы беделді марапат.

2023 жылы М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында «Әлия» қойылымы сахналанды. Бұл қойылым шынайы патриотизм мен Отанға деген кіршіксіз махаббатты бейнелейді. Қойылымның басты кейіпкері — Әлия Молдағұлова.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Музыкалық жас көрермен театрында Кеңес Одағының Батыры, қаһарман Мәншүк Мәметованың қысқа, бірақ ерлікке толы өмірін бейнелейтін «Мәншүк» музыкалық драмасы қойылды.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Ә. Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында «Армандар орындалады» қойылымының премьерасы өтті. Қойылымның негізгі мақсаты – еңбек адамдарының шығармашылық қабілеттерін ашу, оларды кең аудиторияға таныту, сондай-ақ қоғамда жұмысшы мамандықтардың маңызын арттыру. Жоба түрлі сала мен жұмысшы мамандық өкілдеріне өз армандарын театр сахнасында жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Театр сахнасында кәсіби әртістермен бірге мұғалім, журналист, фельдшер, техникалық қауіпсіздік қызметкері, даяшы, құрылысшы және басқа да жұмысшы мамандық иелері өнер көрсетті.

Елдің мәдени саласын жаңғырту мақсатында жасанды интеллектті енгізуге айрықша көңіл бөлінуде. Осыған орай алғаш рет Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма театры жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып жасалған «Жылы мұң» қойылымының премьерасын ұсынды.
Театр өнерінің халықаралық аренада дамуына халықаралық деңгейдегі іс-шаралардың ұйымдастырылуы маңызды үлес қосады. 2025 жылы Қазақстанның халық әртісі, профессор, қазақ қуыршақ театрының алғашқы кәсіби режиссері Құралай Халекетқызы Ешмұратованың 80 жылдығына арналған «Құралай» халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі өтті.

«Заң және тәртіп» қағидаты аясында өскелең ұрпақ арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында бірқатар театрландырылған қойылымдар ұсынылды. Атап айтқанда, М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында «Независимые», Музыкалық жас көрермен театрында «S.O.S» және «Екі ғұмыр», «Жастар» театрында «Соңғы аялдама», Ә. Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында «Жылы мұң», сондай-ақ Музыкалық жас көрермен театрында «Екі ғұмыр» спектакльдерінің премьералары өтті.
Наурызнама онкүндігі аясында 20 наурыз – Ұлттық спорт күніне, сондай-ақ қазақтың даңқты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 155 жыл толуына орай Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында «Қажымұқан» биографиялық тарихи драманың премьерасы көрермен назарына ұсынылды.



