Uncategorized

Астаналық студенттерге арналған интеллектуалды сессия өтті

Astana IT University-де Smart City тұжырымдамасына, киберқауіпсіздікке және қалалық экожүйедегі жасанды интеллектің дамуына арналған интеллектуалды сессия өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шара Астана қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды және ол Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған басымдықтарды жүзеге асырудың бір бөлігіне айналды.

Сессияда IT-компаниялардың өкілдері, жетекші сарапшылар мен жас мамандар елорданың цифрлық экожүйесін дамыту бағыттарын талқылады.

Модератор қызметін атқарған Астана қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысының м.а. Бексұлтан Қуандық өз сөзінде қаланың цифрлық трансформациясы инновациялық көзқарассыз, кәсіби кадрлар мен технологиялық қауымдастықтар арасындағы тұрақты тәжірибе алмасусыз мүмкін еместігін атап өтті.

Сессия спикерлерінің қатарында AITU Smart City ғылыми-зерттеу орталығының директоры Дидар Еділхан, PR-консультант Шұғыла Сағынбекова, «Астана Innovations» АҚ технологиялық ынтымақтастық және жобаларды қолдау департаментінің директоры Айбек Ахметбеков, DODGER компаниясының жобалар менеджері Аружан Қалдыбек, ICF-коуч және AI’preneurs бағдарламасының қатысушысы Әділбек Арынов, BAITC қауымдастығының өкілдері Санжар Мәдиев пен Омар Нұрмұхаммед, болды.

Айбек Ахметбеков өз сөзінде елорда әкімдігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жаңа жоба – AI Lab туралы айтып өтті:
«AI Lab – серіктестер мен технологиялық компаниялар ұсынған заманауи AI-инфрақұрылымға негізделген жаңа бастама. Бұл алаңда стартаптар, зерттеушілер мен ғылыми топтар жасанды интеллектіні пайдалана отырып, қалалық міндеттерді шешуге арналған шешімдерді әзірлеп, сынақтан өткізе алады. Пилоттық жобалар әкімдік белгілеген басым бағыттар бойынша іске асырылады, ал олардың нәтижелері Астана қаласы әкімдігі жанындағы AI кеңесінде қаралады. Кеңес жобаларды масштабтау, интеграциялау және ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнінде ұсынымдар береді.

Инфрақұрылым, сараптама, пилоттық жобалар және консалтингтің осындай үйлесімі AI Lab-ті жасанды интеллект дамуының қалалық платформасына айналдырады. Біз жастарды шабыттандырып, оларға өз әлеуетін ашуға мүмкіндік бергіміз келеді», — деді ол.

Сессия барысында спикерлер стартаптарды іске қосу, қалалық IT-шешімдерді енгізу тәжірибесімен бөлісті.

Қатысушылар Smart City бағытының даму үрдістерін, деректерді қорғау мәселелерін, нейрожелілерді тиімді пайдалану жолдарын және инновациялар арқылы адами капиталды арттыру тетіктерін талқылады.

Кибергигиена мен ақпараттық қауіпсіздікке де ерекше назар аударылды.

«Осындай іс-шаралардың өтіп жатқанына қуанамын. Мұндай маңызды тақырыптарға студенттердің қатысуы керек деп ойлаймын, өйткені біз жаңа идеялар ұсынып, энергия бере аламыз. Тәжірибеміз аз болса да, осындай бастамалар арқылы біз үйреніп қана қоймай, басқалардан озып кетуіміз де мүмкін», – деп AITU студенті Ералы Ғабдиахар өз әсерімен бөлісті.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button