Қоғам

Астаналық құтқарушы өз қызметі туралы айтты

Қазақстанда 19 қазан – қауіп-қатермен бетпе-бет келіп, адам өмірін құтқаратын құтқарушылардың кәсіби мерекесі. Төтенше жағдайларда әркез алғашқы көмекке келетін де – осы мамандар. Мереке қарсаңында Астана қаласындағы №5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, старшина Егор Слатин өз қызметінің ерекшеліктері туралы әңгімеледі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Егор Слатин құтқарушылар қатарындағы қызметін 2016 жылы бастаған. Айтуынша, бұл мамандықты ол саналы түрде таңдаған – бұл балалық арманның өмірлік ісіне айналғаны.

«Кішкентай кезімнен өрт сөндіруші болуды армандадым. 2016 жылдан бастап осы маңызды мамандықта қызмет етіп, арманымды жүзеге асырғаныма қуанамын», – дейді ол.

Бөлімше командирінің айтуынша, өрт сөндірушілердің қызметі тек өртпен күресумен шектелмейді. Олардың міндетіне авариялық-құтқару жұмысының бүкіл спектрі кіреді: жол-көлік оқиғаларының салдарын жоюдан бастап, түтін басқан бөлмелерден адамдарды құтқаруға дейін.

«Біздің негізгі міндетіміз – өрт сөндіру, авариялық-құтқару жұмысын жүргізу және қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсету», – дейді Егор Слатин.

Қызмет таңғы сағат 08:00-де басталады: сапқа тұру, жабдықтарды қабылдау, тыныс алу органдарын қорғау құралдарын тексеру. Күн тәртібі нақты жоспарланған: үнемі жаттығулар, нормативтерді пысықтау, теориялық және дене дайындығы бойынша сабақтар.

«Біз әрқашан шынығып, кез келген жағдайға дайын болуымыз керек. Бұл үнемі формада жүруді талап етеді», – дейді старшина.

Тоғыз жылдық қызметінде Егор талай күрделі құтқару шараларына қатысқан. Арасында есінде ерекше қалғаны – Абай облысындағы ірі орман өрті. Бұл – қызмет жолындағы ең ауыр шақырулардың бірі болған.
«Бұл өте күрделі өрт болды. Жағдай өте қауіпті еді, бірақ бүкіл команданың үйлесімді жұмысының арқасында біз оны еңсере алдық», – деп еске алады құтқарушы.

Оның айтуынша, құтқарушы қызметінің ең маңызды тұсы – команданың ішіндегі сенім.
«Біз – бір үйдің адамы сияқтымыз Бір-бірімізге сену өте маңызды. Өрт кезінде ойланып тұратын уақыт жоқ, бәрі шапшаң, нақты әрі салқынқанды әрекет етуді талап етеді», – дейді ол.

Әңгіме соңында ол әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, барлығына мықты денсаулық, күш-қуат және аман-есен үйлеріне оралуды тіледі.

«Біздің жұмыс – үлкен жауапкершілік, бірақ сонымен бірге мақтаныш. Құтқарушылардың кәсібилігі мен ерлігінің арқасында қазақстандықтар өзін қауіпсіз сезіне алады», – деп түйіндеді ол.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button