Астаналық құтқарушы ерлігі үшін марапатталды

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінде Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағының құтқарушысы Саят Пшембаевқа ТЖМ құрмет грамотасы мен бағалы сыйлық табысталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновтің бұйрығымен Саят Пшембаев қызметтік міндетін атқару барысында көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін наградталды.
Министр құтқарушының іс-әрекеті батылдық пен кәсібиліктің үлгісі екенін атап өтті: «Мұндай әрекеттер құтқарушының шынайы таңдауын көрсетеді, олар ең қиын сәтте адамдардың жанынан табылып, өзгенің өмірі үшін өз өмірін тәуекелге тігеді. Адамдарды құтқаруды өмірінің мәні деп білетін қызметкерлерімізді біз мақтан тұтамыз», – деді Шыңғыс Әрінов.
Саят Пшембаев өз өмірін қатерге тіге отырып, қайғылы оқиғаның алдын алды: ол тұрғын үйдің 14-қабатында қауіпке тап болған қызды құтқарып қалды. Оның батыл да жедел әрекетінің арқасында адам шығынына жол берілмеді.



