Астаналық оқушылардың ашқан жаңалығы

Астана қаласының оқушылары — Зайна Жүсіпбекова (БИЛ) мен Ақберен Қалниязова (№73 мектеп-лицей) Қазақстанда мұрын қуысы ауруларының алдын алуға арналған отандық құралдарды өндіру мүмкіндіктерін, сондай-ақ ел аумағындағы емдік балшықтар туралы халықты ақпараттандыру мәселесін қамтыған ғылыми зерттеу жүргізді. Зерттеу аясында оқушылар Алакөл көлінің тұзды суының физика-химиялық қасиеттерін талдап, оны арнайы тазарту шаралары жүргізілген жағдайда мұрын қуысын шаюға арналған құрал ретінде пайдалануға болатыны жөнінде ғылыми қорытынды жасады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Отандық назальды препараттар өндірісінің әлеуетіне және Қазақстанның табиғи емдік ресурстарын тиімді пайдалануға қоғам мен мемлекеттік органдардың назарын аудару мақсатында оқушылар Үкіметке ресми түрде жүгінді. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінен келген жауапта оқушылардың елдің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағытталған бастамасы жоғары бағаланып, олардың ғылыми әлеуеті атап өтілді. Сонымен қатар, министрлік Алакөл көлінің суы назальды препараттар үшін белгілі бір деңгейде ластанғанын көрсетіп, бұл мәселені қосымша зерттеу қажеттігін атап өтті. Аталған жауап зерттеу жұмысын жаңа кезеңге шығарып, Алакөл суын тазарту жолдарын қарастыру және оны отандық медициналық препараттар өндірісінде қолдану мүмкіндіктерін зерттеу бағытын кеңейтті.
Зайна Жүсіпбекова мен Ақберен Қалниязова көтерген екінші маңызды мәселе — Қазақстандағы емдік балшықтар туралы халықтың жеткіліксіз ақпараттандырылуы. Қазақстан түрлі ауруларды емдеуге және халықтың денсаулығын нығайтуға арналған құнды физика-химиялық құрамға ие емдік балшықтарға бай ел болғанымен, бұл ресурстар туралы жүйелі әрі ғылыми негізделген ақпарат қоғамға жеткілікті деңгейде таралмаған. Оқушылардың пікірінше, емдік балшықтардың түрлері, қасиеттері және оларды қолдануға қатысты қарсы көрсетілімдер туралы толық ақпараттың болмауы олардың бей-берекет және кейде зиянды қолданылуына әкелуі мүмкін.
Осыған байланысты жас зерттеушілер Қазақстандағы емдік балшықтардың интерактивті картасын қамтитын арнайы мобильді қосымша әзірлеуді қолға алуда. Қосымшада балшықтардың физика-химиялық құрамы, емдік қасиеттері және қолдануға қатысты қарсы көрсетілімдер туралы ғылыми негізделген мәліметтер ұсынылады.
Әлеуметтік маңызы зор жобаны сапалы іске асыру мақсатында Зайна Жүсіпбекова мен Ақберен Қалниязова өз командасына жас әрі талантты бағдарламашыларды бірлесіп жұмыс істеуге шақырады.



