Астаналық оқушы болашақ мектебінің үлгісін ұсынды

Астана қаласындағы №29 мектептің 9-сынып оқушысы Ақбота Базарбай болашақтың жасыл әрі экологиялық қауіпсіз мектеп атты жобасын таныстырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Оқушының жобасы тек дизайнмен ғана емес, экологиялық және функционалдық шешімдерімен де назар аударады. Ақбота Базарбай ұсынған мектеп үш қабатты әйнек қабырғалардан тұратын оқу корпусы түрінде жобаланған. Бұл құрылым күн энергиясымен толық қамтылып, табиғи жарықтың бөлмелерге молынан түсуін қамтамасыз етеді.
Жобаның басты ерекшелігі табиғатпен үйлесімділік.
Оқушылар тек білім алып қана қоймай, айналасындағы табиғатты еркін бақылауға, ашық кеңістікте тыныстап, таза ауада үй тапсырмаларын орындауға мүмкіндік алады.
Ақбота тек мектеп ғимаратын ғана емес, оның айналасын да мұқият ойластырған. Макетте ағаштар, су бұрқақтары, сонымен қатар жыл бойы жұмыс істейтін жасыл футбол алаңы да қарастырылған. Бұл балалардың денсаулығын нығайтуға, белсенді демалуға және шығармашылықпен айналысуға жағдай жасайды.
Жобаның тағы бір маңызды қыры қолданылған материалдардың қайталама тұрмыстық қалдықтардан жасалуы. Осы арқылы Ақбота қоршаған ортаға деген жауапкершілік пен қайта өңдеудің маңызын көрсетті.