Басты ақпаратЕл тынысы

Астаналық басылымдардың мерейлі белесі

Бейбітшілік және келісім сарайында ­«Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» ­газеттерінің 35 жылдық мерейтойына арналған «Объективте – Астана айшықтары» фото­көрмесі мен «Елорда шежіресі» атты ­салтанатты концерт өтті.

Фотокөрменің ашылу салтанатында Парламент Сенаты әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы, «Астана ақшамы» газетінің (2006-2008 жж.) бас редакторы болған Нұртөре Жүсіп пен Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден басылымдардың ұжымы мен оқырман қауымды мерейто­йымен құттықтады.

Фотокөрмеде келушілер назарына «Elorda aqparat» медиахолдингіне қарасты «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана» газеттерінің және Elordainfo.kz порталының фототілшілері Сұлтан Сейіт, Василий Крась және Оңалхан Өнерханның әр жылдардағы Астананы айшықтайтын фотосуреттері ұсынылды.

Өнер жұлдыздарының концерті басталмас бұрын Президент әкімшілігі Мемлекеттік кеңесшісі хатшылығының консультанты, белгілі ақын Қалқаман Сарин Мемлекеттік кеңесші Ерлан ­Қариннің құттықтау хатын оқып берді.

«Құрметті «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің ұжымы! Сіздерді қос басылымның 35 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Өткен 35 жыл – тәуелсіздік жылдарымен тұспа-тұс келген Астананың қалыптасуы мен өсіп-өркендеуінің айнасына айналған кезең. Осы жылдар ішінде газеттердің әр санында елорданың тыныс-тіршілігі, қоғам өміріндегі маңызды оқиғалар мен елдік істер кеңінен қамтылып келеді. «Астана ақшамы» газетінде жарияланған ел тарихындағы тағдырлы шешімдердің жаң­ғырығы тәуелсіздік жылнамасындағы айшықты оқиғалар ойлы оқырманның жүрегіне жол тауып, ыстық ықыласына бөленді. Ал «Вечерняя Астана» газеті өз оқырманын сапалы әрі шынайы ақпаратпен қамтамасыз етіп, қала өмірінің өзекті мәселелерін көтеріп, мазмұнды да беделді басылымға айналды. Екі басылым да бірнеше мәрте ұлттық және халықаралық деңгейдегі марапаттарға ие болып, өздерінің кәсіби деңгейін биіктетіп, жаңа медиа кеңістігінде лайықты орын алды. Қазіргі таңда «Elorda aqparat» медиахолдингі құрамына кіретін редакциялар елорданың басты ақпарат көзіне айналып, қоғамдық пікір қалыптастыруға ықпал етіп отыр. Сіздердің қаланың дамуы мен елдің өркендеуі жолындағы шығармашылық еңбектеріңізге табыс тілеймін. Елордамен бірге өркендеп, халқымыздың сенімді ақпарат көзі болып қала берулеріңізге тілектеспін. Қаламдарыңыздан қуат кетпесін!» делінген ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтау хатында.

Сонымен қатар Қалқаман Сарин кезінде «Ақмола ақиқаты» газеті студент шағында оның өлеңдерін жариялап, Арқа жұртына ақын ретінде танытқанын атап өтіп, астаналық басылымға алғыс айтты. ҚР Президенті баспасөз хатшысының орынбасары Ержан Байтілес Президент көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың құттықтау хатын оқыды.

«Elorda aqparat» медиахолдингінің бір топ қызметкері марапатқа ие болды. Атап айт­қанда, «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары Ғалым Қожабеков пен «Вечерняя Астананың» фототілшісі Василий Крась «Еңбек ардагері» медалімен, «Астана ақшамының» шолушысы Айгүл Уайс Мәдениет және ақпарат ми­нистрінің құрмет грамотасымен, корректоры Шынар Жақыпова «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Осындай құрмет грамотасын «Вечерняя Астана» газетінің тілшісі Юлия Мендецкая, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін Максим Удод иеленді.

Басылымдардың ұжымын 35 жылдық мерейтойымен құттықтап, марапатты табыстаған ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Айзада Құрманова министрдің құттықтау хатын оқып берді.

«Құрметті әріптестер! Сіздерді отандық ақпарат кеңістігіндегі беделді басылым «Астана ақшамы» газетінің 35 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Сонау 1990 жылы «Ақмола ақиқаты» атауымен алғашқы санын жариялаған басылым тәуелсіз еліміздің тағдырлы кезеңдерінің куәсі әрі шежірешісі болды. Елорда атауының қайта жаңғыруы, Астананы көшіру туралы тарихи шешім, қаланың қалыптасуы мен дамуындағы барлық маңызды уақиғалар газеттің әрбір нөмірінен айқын көрініс тауып, ұлт жадында сақталды. Осы жылдар ішінде «Астана ақшамы» қоғамдық пікір мінбері ретінде елорда тынысын айқын жеткізетін өзекті материалдары, бай мазмұны және кәсіби ұстанымы арқылы оқырманның зор сеніміне ие болды. Басылым қаланың рухани, мәдени және әлеуметтік өміріне өзіндік қолтаңбасын қалдырып, елордалық журналистиканың көшбасшысына айналды. Алдағы уақытта да қаламдарыңыз мұқалмай, ел мен елорданың игілік жолындағы еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын!» делінген Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатында.

Өз кезегінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен Астана үшін, елорда тұрғындары үшін бұл мерейтойдың орны ерекше екенін атап өтіп, елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтау хатын оқып берді.

«Құрметті «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің ұжымы! Сіздерді қос басылымның 35 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. 1990 жылы алғаш рет жарық көрген «Ақмола ақиқаты» мен «Вечерний Целиноград» газеттері бүгінде елордалық журналистиканың айнасына айналды. Осы жылдар ішінде бас қаламыздың қалыптасуы мен өркендеуінің бар белесін қалт жібермей, елорда шежіресін қағаз бетіне қаттап келесіздер. Қаланың әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірінің айнасы ғана емес, елордалық руханияттың, қоғам дамуының шынайы куәгерісіздер. Бүгінде «Elorda aqparat» медиахолдингі құрамындағы бұл екі басылым арқылы қала тұрғындары мен қонақтары Астананың тыныс-тіршілігімен, жетістіктерімен және жаңа бас­тамаларымен танысып келеді. «Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» өз оқырманын жоғалтпай, уақыт талабына сай жаңарып, терең таңдамалы контент ұсынуда. Бұл – ұжым еңбегінің кәсіби адалдығы мен жауапкершілігінің айғағы. Қоғамдық пікірді қалыптастыру жолындағы жұмыстарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Жазар жазбаларыңыз бен айтар жағымды жаңалықтарыңыз таусылмасын. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық табыс тілеймін. Мерейлі мерекелеріңіз құтты болсын!» делінген Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтау хатында.

Кеш барысында «Тәрбие» сән үйі шапандар шеруі этно-сән көрсетілімін ұйымдастырды. Концертте Қайрат Баекенов, Құрмаш Махан, Өзгеріс Шерікбай, Маржан Арапбаева, Айгүл Қосан, Гүлсім Мырзабек, Рухия Байдүкенова сынды өнер майталмандары, сонымен қатар «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі, «Жастарй театрының әртістері, «Айналайын» балалар хоры өнер көрсетті.

Нұрдәулет КӘКІШ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button