Астаналық балуандар алда

Елордадағы Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінде бастау алған күрес түрлерінен Қазақстан кубогы өз мәресіне жетті. Бір апта бойы тартысқа толы өткен жарыста Астана қаласының балуандары тамаша нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жарыстың шымылдығын еркін күрес шеберлері ашты. Он салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынған сайыста астаналық балуандар да сынға түсіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Жарыстың алғашқы күнінде 97 келіге дейінгі салмақта астаналық балуан Бекзат Үркімбай алтыннан алқа тақты. Дәл осы салмақтағы тағы бір жерлесіміз Рустам Экажев күміс жүлдеге ие болды. 57 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен елордалық Абзал Өкенов пен 79 келідегі Нұрлан Бекжанов күміс жүлдені қанжығалады. Осылайша еркін күрестен ересектер арасында Қазақстан Республикасының кубогында Астана қаласы жалпыкомандалық есепте бесінші орынға тұрақтады.
Ал грек-рим күресінен ересектер арасында өткен Қазақстан Республикасының кубогында Астана қаласы екі алтын, екі күміс және үш қола медальға қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.
Атап айтқанда, 55 келіде Марлан Мұқашев пен 72 келіде Мерей Мәулітханов алтыннан алқа тақты. Ал 63 келіде Асаухат Мұхамадиев пен 87 келіде Мақсат Сайлау күміс жүлдегер атанды. Қола жүлдені 60 келіде Айбек Айтбеков, 67 келіде Мәдіяр Мәулітханов және 82 келіде Изновр Абаев жеңіп алды.
Әйелдер күресінен Қазақстан Республикасының кубогында Астана қаласы екі алтын және бір күміс медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте төртінші орынға тұрақтады. 50 келі салмақта Светлана Анкичева мен 65 келіде Елена Шалыгина алтын жүлдеге қол жеткізсе, 59 келіде Диана Каюмова күміс жүлдені жеңіп алды.
Айта кетейік, ересектер арасындағы грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша өткен Қазақстан Республикасының кубогына еліміздің 20 өңірінен 900-ден астам спортшы қатысты.