Мәдениет

Астанаға атпен келді

Қытайдың Шыңжаң өлкесіне қарасты Еренқабырға баурайындағы Сауан ауданынан 8 тамыз күні жолға шыққан жас жұбайлар – Қуанбек Түсіпханұлы мен Жайна Еркінқызы 2500 шақырымдық сапарын сәтті аяқтап, 73 күнде Астанаға жетті.

20 қазан күні елорда төріне ат басын тіреген оларды қалалық әкімдік өкілдері, зиялы қауым және қала тұрғындары салтанатты түрде қарсы алды. Қаланың Достық үйінде алыс сапардан келген құрметті қонақтармен жылы жүздесу өтті.

Кездесу барысында Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров қызығы мен машақаты қатар жүрген бұл сапардың рухани маңызын атап өтіп «Әлемнің әр түкпіріндегі қазақтар тәуелсіз Қазақстанда бас қосып, ұлттық бірлігімізді нығайта берсін» деген ізгі тілегін білдірді.

Қуанбек пен Жайна бұл сапарды ұлт рухын көтеру, ата-баба жолын ұлықтау және жылқыны қолға үйреткен қазақтың дара мәдениетін дәріптеу мақсатында ұйымдастырғандарын айтты.

– Астанаға атпен келу – үлкен арманымыз болатын. Міне, сол арман орындалды. Ат үстінде өткізген әр күн – рухани сынақ әрі қазақы дәстүрді дәріптеудің мектебі болды. Жол бойы қонақжайлық танытқан елге және үлкен қалалардан өткенде жол бастап, қолдау көрсеткен жол полициясына айрықша алғыс айтамыз, – деді Қуанбек Түсіпханұлы.

73 күнге созылған сапар барысында жас жұбайлар Жетісу мен Қарағанды облыстары арқылы өтіп, жол бойында жергілікті тұрғындардың ыстық ықыласына бөленді. Жас жұбайлардың бұл ерлікке пара-пар сапары көпшілікке үлгі болып, ұлттық рух пен жылқы мәдениетін ұлықтаудың тамаша символына айналды.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button