Көктемде елордадан 1 400-ден астам адам әскери қызметке жіберіледі

Кеше Астана қаласында көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында алғашқы команда әскер қатарына аттанды. Алғашқы лекпен 25 азамат жолға шықты. Бұл – биылғы шақырылымдағы алғашқы топ, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Көктемгі науқан 30 маусымға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында елордадан 1400-ден астам азамат Отан алдындағы борышын өтеуге жіберіледі. Оның ішінде 788-і Қарулы Күштер қатарына, 450-і Ұлттық ұланға, 120-сы Шекара қызметіне, 30-ы Төтенше жағдайлар министрлігіне, 25-і Мемлекеттік күзет қызметіне бағытталады. Ал республика бойынша көктемгі науқан аясында 21 мыңнан астам азаматты әскер қатарына шақыру жоспарланып отыр.

Өткен жылмен салыстырғанда Елордадан шақырылатындардың саны биылғы жылы едәуір көбейген. Мәселен, 2024 жылғы көктемде 1 165 жігіт болса, 2025 жылдың көктемінде 1 207 жігіт сарбаз атаныпты. Ал биылғы Астана қаласынан әскерге шақырылғандар саны да 1400-ден астам болмақ.
– Әскер – абырой үшін емес, бұл – Отан алдындағы қасиетті борыш. Әр сарбаз өз міндетін адал атқарып, жақсы қырынан көрінсе, болашақта жоғары оқу орнында білімін жалғастырып, кәсіби жолын Қорғаныс министрлігімен бірлесе жоспарлауға мүмкіндік алады. Сондықтан жастар бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, биыл әскерге шақырылатын азаматтарға хабарлама электронды форматта жолданады. Атап айтқанда, 1414 нөмірінен SMS-хабарлама келеді. Ал егер электронды түрде хабарлау мүмкін болмаса, қағаз түріндегі шақырту жұмыс орны арқылы мекеме басшысына немесе туыстарына қолхатпен табысталуы мүмкін. Осылайша, көпарналы жүйе арқылы азаматтарды әскерге дер кезінде шақыру қамтамасыз етіледі, – деді Астана қаласының Қорғаныс істері департаментінің бастығы полковник Руслан Балтеміров.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, елімізде әскерге шақырылушыларды медициналық куәландыруды автоматтандыруды қамтамасыз ететін және бұрын ауырған аурулар мен жарақаттар туралы мәліметтер алуға мүмкіндік беретін «Е-Медосмотр» медициналық цифрлық жүйесімен интеграция жүргізілуде.
Қазірдің өзінде Астана қаласының әскерге шақыру дәрігерлік комиссиялары «Е-Медосмотр» цифрлық жүйесін пайдаланады. Айта кететін жайт, осы жүйенің тестілеу тексерістері 2025 жылы осы Елордалық әскерге шақыру дәрігерлік комиссиясында өткізіліп, өз ұтымдылығын көрсеткен екен. Нәтижесінде, бүгінгі таңда еліміз бойынша цифрлық форматта медициналық куәландырудан барлығы 17 мыңнан астам әскерге шақырылушы өтті.
Әскери-патриоттық акцияға Астана қаласының әкімдігі, ҚР ҰҚК Шекара қызметі өкілдері, Астана қаласының қорғаныс істері департаментінің басшылығы, Қарулы Күштер мен ҚР ҰҚК Шекара қызметінің ардагерлері мен офицерлері, қала мектептерінің оқушылары, «Жас сарбаз» жасөспірімдер мен балалар әскери-патриоттық клубтарының тәрбиеленушілері, сондай-ақ әскерге шақырылушылардың ата-аналары қатысты.
Ардагерлер мен қариялардың ақ батасын алған жастар таңғы жүрдек поезбен шығысты бетке алып, шекараға сапарға аттанды.



