Астана қаласы әкімдігінің «Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорында конституциялық реформа және алдағы референдум мәселелері талқыланды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жиынға AMANAT партиясының Астана қаласы «Есіл» аудандық филиалының төрағасы, «Есіл» ауданы бойынша коалиция штабының басшысы Санира Жүсіпова мен қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының басшылығы мен ұжымы қатысты.
«Референдум – бұл мемлекеттің аса маңызды мәселелерін халықтың тікелей дауыс беруі арқылы шешу тәсілі. Бұл – демократияның ең айқын көрінісі.
Референдум арқылы Конституцияға өзгерістер енгізілуі, жаңа заңдар қабылдануы немесе елдің саяси бағытына байланысты маңызды сұрақтар шешілуі мүмкін. Мұндай жағдайда әр азаматтың дауысы ерекше маңызға ие болады. Себебі референдум нәтижесі бүкіл мемлекет үшін міндетті болып саналады», — деген спикерлер референдумның басты ерекшелігі – халықтың тікелей қатысуы екеніне маңыз берді.

Олардың пайымдауынша, бұл қоғамдық ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, ол азаматтық жауапкершілікті күшейтеді.
«Референдум – халық билігінің нақты көрінісі. Ол мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, елдің болашағын бірге айқындауға мүмкіндік береді. Сондықтан әр азамат референдумға жауапкершілікпен қарап, өз таңдауын саналы түрде жасауы тиіс. Сіз де өз таңдауыңызды жасаңыз!», — деп мәлімдеді медицина ұжымының қызметкерлері.



