Басты ақпаратЕл тынысы

Астанадағы Абай тойы

Мағжан ақынша айтқанда, «Бір сөзі мың жыл жүрсе, дәмі кетпес» ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойы ел тойына айналды. Дауылпаз ақын Қасым Аманжоловша толғасақ, Абай «Бізбен бірге бүгінге келіп, бізбен бірге болашаққа аттанды». «Қазақтың бас ақынының» (Ахмет Байтұрсынұлы) әндері мен жырлары Алтай мен Атырау арасында әуелеп, дана ойлары дала мен қаланы кезіп кетті. Астананың өзінде жыл басталғалы 140-тан астам іс-шара өткізу жоспарланған. Соның негізгілері осы айдың басынан ұйымдастырылды. Ал шарықтау шегіне 10 тамыз – Абай күні жетті.

Ұлы ақын рухына тағзым

Астанадағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов, қалалық мәслихат төрағасы Табиғат Зейнұлқабден, қаланың Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зулфухар Ғайыпов, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов, зиялы қауым өкілдері, жастар, қоғам белсенділері және шаһар жұртшылығы қатысты. Іс-шара барысында ұлы ақынның әндері әуелеп, күйлері күмбірледі. Атап ­айтқанда, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның әншісі, Мәдениет саласының үздігі Данияр Мұқан өнер көрсетті. Хакімнің кейін табылған күйлерінің бірі «Абайдың Ақтолқыны» аталады. Оны Қытай елінен белгілі күйші, өнертану ғылымдары бойынша PhD докторы Ардаби Мәулет тапты. Ескерткіш басында осы күй де тартылды.

Зейнеткерлер үлесі

Дәл осы жерде Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының 100-дей зейнеткері әсерлі әдеби-сазды кеш ұйымдастырды. Аспан астында олар «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Ғылым таппай мақтанба» сынды шығармаларды ұсынды.

«Абай мұрасы – жай ғана оқулық беттеріндегі сөз емес, бұл – ұрпақтарды жалғайтын рухани арқау, тәрбиелейтін және шабыт беретін күш. Мұндай іс-шаралар арқылы ақынның шығармашылығын еске аламыз және қазақ жерінің ұлы перзентімен мақтанамыз» деді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы әлеуметтік қызметтерді ақпараттық ілгерілету бөлімінің басшысы Меруерт Қайыртасқызы.

5000 оқушы «Желсіз түнде жарық айды» әуелетті

№101 орта мектепте елорданың 5000-ға жуық оқушысы «Желсіз түнде жарық ай» әнін бірге орындады. Рухани іс-шараның мақсаты – қазақстандықтарды Абай Құнанбайұлының мерейтойымен құттықтап, ұлы ақынның шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау. Бұл іс-шараға елордадағы №17, 45, 59, 71, 78, 79, 87, 89, 90, 97, 99, 100, 101, 111 мектептерінің оқушылары, сондай-ақ №1 балалар музыка мектебі, Роза Бағланова атындағы №2 балалар музыка мектебі, Ермек Серкебаев атындағы №3 балалар музыка мектебі, Тәттімбет атындағы №1 балалар өнер мектебі, №2 балалар өнер мектебі және Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері қатысып, ақынның танымал әнін асқақтата шырқады. Бес мыңға жуық оқушының бәрі «Абай – 180 жыл» деген жазуы бар футболка киіп, әнді орындап біткен кезде қолдарына ұстаған көк қағаздарды көтеріп, жоғарыдан қарағанда көрінетіндей етіп «Абай» деген жазуды шығарды. Ал Есіл өзенің жағалауында «ашық микрофон» ұйымдастырылып, қала тұрғындары ұлы ақынның шығармаларын оқыды. Іс-шарада оның өлеңдерінен, «Қара сөздерінен» және әндерінен үзінділер орындалды.

Домбыра салтанаты

Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Арбатта және «Нұржол» бульварында Домбыра Party өтті.

Алғашқы іс-шараға Астана тұрғындарымен қатар, қала қонақтары белсенді қатысты. Ұлттық киім киген, домбырамен күй шерткен, өлең шумақтарын жатқа оқыған қатысушылар рухани кештің сәнін келтірді. Атап айтқанда, қатысушылардың арасынан ақын Қабиден Қуанышбай табылып, өлең оқыды. «Көрұғлы» күйінің ерекше нұсқасы тартылды.

Есіл ауданы әкімдігі қолдау көрсеткен екінші домбыра салтанатында қазақтың қара домбырасымен Абайдың әндері шыр­қалып, күмбірлеген күйлер төгілді. Қала тұрғындары мен қонақтары еркін форматта өткен кешке белсене қатысып, ұлттық аспаптың үніне құлақ түріп, өздері де ән шырқап, күй шертуге мүмкіндік алды.

«Семейде өткен той – тек бір өңірдің емес, күллі халықтың қуанышы. Бүгінгі Домбыра party кеші арқылы елорда жұртшылығы да өз тарапынан Абай рухына тағзым етіп, оның ­өсиет сөздерін, ән-күйлерін ел болып еске алуда. Бұл – рухани сабақтас­тықтың белгісі» деді іс-шараны ұйымдастырушы Алмас Алтай.

Хакім мұрасы – ұрпаққа өнеге

Астанадағы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясында ұлы Абайдың құрметіне арналған «Абай мұрасы – ұрпаққа өнеге» атты мерекелік кеш өтті. Іс-шара Абай күнін ұлықтап, жас ұрпақтың ақын мұрасына деген қызығушылығын арттыруды мақсат етті.

«Абай Құнанбайұлы атындағы біздің мектеп жыл ­сайын ақынның туған күніне орай іс-шаралар өткізеді. Биыл хакімнің 180 жылдық мерейтойын атап өтуді жылдың басынан бастадық. Бүгінгі мерекелік іс-шара – соның жалғасы. Абай күні – ұлттың интеллектуалды рухын көтеретін, ұрпақты руханиятқа үндейтін, қазақ болмысының алтын арқауы іспетті тағылымды мереке» деді Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияның директоры Айгүл Қашаева.

Бұл салтанатты кеш – ұлы ақынның дүниеден өткеніне 10 жыл толуына орай Нәзипа Құлжанова ұйымдастыр­ған алғашқы әдебиет кешінен бастау алған дәстүрдің заңды жалғасы болды. Концерттік бағдарламада оқушылар мен ұстаздар Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін оқып, әндерін шырқады. Сондай-ақ оқушылар ақынға жыр жолдарын арнады. Көрермендер ақын өмірі мен шығармашылығына арналған танымдық сұрақ-жауап ойынына қатысып, белсенділік танытты. Жеңімпаздарға естелік сыйлықтар берілді.

Ұлттық сана-сезімді оятатын челлендж

Елорданың мәдениет қызметкерлері ұлы Абайдың 180 жылдығына арналған ауқымды челленджді қолдады. Ерекше мәдени эстафета елордалықтардың бастамасымен басталып, әлеуметтік желілерде кеңінен таралды. Бұлардың қатарында белгілі ақын Мақпал Мыса, «Жастар» сарайының еңбек ұжымы, елорданың Мәдениет басқармасының өкілдері, «Жастар» театры мен Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының әртістері бар. Қатысушылар Абайдың өлеңдерін оқып, әндерін орындап, бейнероликтер түсіріп, репертуарларындағы «Абай – Тоғжан», «Жас Абай» сияқты қойылымдардан үзінділерді әлеуметтік желілерде бөлісіп, барша қазақстандықтарды оның рухани мұрасына үн қосуға шақырды. Челленджді елорда спортшылары да қолдап, Абай туындыларын насихаттады.

«Бұл бастама – бірлікке, ұлттық сана-сезімді оятуға жасалған шынайы үндеу. Ақпарат жылдам таралатын цифрлық дәуірде осындай мәдени акция­лар ерекше маңызға ие. Олар жас ұрпаққа ұлы есімдерімізді, құндылықтарымызды, бай мұрамызды еске салып қана қоймай, сол мұрамен өмір сүру қажеттігін ұқтырады. Осындай іс-шараларды біз ойшылдың мерейтой жылында көбірек өткізуді жоспарлап отырмыз» дейді қалалық Мәдениет басқармасының мәдениет және өнерді дамыту бөлімінің басшысы Ақерке Жұманбаева.

Рубик текшесіндегі Абай бейнесі

«Mega Silk Way» сауда және ойын-сауық орталығында ерекше арт-инсталляция ұсынылды. Шығармашылық жоба аясында ақынның бейнесі 3000 рубик текшесімен құрастырылды. Биіктігі 3 метр, ені 2 метр болатын портретті жастар небәрі 5 сағатта жинап шықты. Жобаның бастамашысы Әлихан Ертұрсынның айтуынша, рубик текшесі логика мен шығармашылықты біріктіретін өнер туындысына айналды.

«Осы арқылы ұлттық болмыс­ты заманауи тәсілмен жеткізуді мақсат еттік» деді ол.

Жалпы «Абай әлемі» атты мәдени бағдарлама екі күн бойы көрерменді поэзиялық кештермен, шығармашылық қойылымдармен қуантты. Келушілер жастардың креативтілігіне жоғары баға беріп, ұлттық мұраға құрметті айқын сезінді. Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл жоба – Абай мұрасын жаңаша танытуға арналған тың қадам. Мақсат – жас буынның ұлттық сана мен елдік құндылықтарды терең ұғынуына ықпал ету.

Аманғали Қалжанов

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button