Астанада «Жырмен өрілген нәзіктік» атты әдеби кеш өтті

Елордадағы Синтез театрында Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы ұйымдастырған «Жырмен өрілген нәзіктік» атты әдеби кеш өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Әдеби кеште зиялы қауым өкілдері, танымал ақындар, қаламгерлер бас қосты. Мерекелік әндер шырқалып, өлең оқылды.
Жиында сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының басшысы Бауыржан Бабажанұлы, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп, белгілі әдеби сыншы Амангелді Кеңшілікұлы кешке жиналған нәзікжанды арулар қауымын мерекелерімен құттықтады.
ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Егеухан Мұқамәдиқызы, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Жанат Әскербекқызы, белгілі жазушы, журналист, қоғам қайраткері Шәрбану Бейсенқызы секілді қаламгерлер кеш соңында өз алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.
Әдеби-сазды кештің соңында қаламгерлер қауымына гүл шоқтары табыс етілді.



