Астанада Жеңістің 80 жылдығына арналған мереке өтеді

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Қазақстанның танымал әртістері мен өнер ұжымдарының қатысуымен «Бейбіт аспан астында» атты мерекелік шара ұйымдастырылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шараның мақсаты – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жауынгерлік ерлік пен тыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегін ұрпақ санасында жаңғырту, жас буынның отансүйгіштік рухын нығайту.
Бағдарламада Соғыс жылдарындағы әндер мен би қойылымдары; майданнан жолданған архивтік хаттар мен фотосуреттер көрмесі; жас өнерпаздардың шығармашылық қойылымдары; соғыс тақырыбындағы көркем фильмдер мен кино-дәрістер; «Біздің батырлар» атты иммерсивті инсталляциялар жоспарланып отыр.
Мерекелік жиын 9 мамыр күні сағат 11:00-де «Жастар» саябағында (Отан қорғаушылар алаңы, Тәуелсіздік даңғылы мен Қажымұқан көшесінің қиылысында) басталады.