Астанада желіге 300 жаңа автобус шығарылады

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында қоғамдық көлік мәселесі қалай реттеліп жатқаны туралы жазды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі – қоғамдық көлікті дамыту. Биыл қалалық автопарк 300 жаңа автобуспен толықтырылады. Оның ішінде 118 автобус қазірдің өзінде қалаға жеткізіліп, желіге шығаруға дайындық жұмысы жүріп жатыр.
Қалған 182 автобус қалаға алдағы 3-4 айда жеткізіледі. Бұдан бөлек, жеке автопарктер де өз қаражаты есебінен көлік құрамын жаңарту жұмысын жүргізіп жатыр.
Жаңа автобустар желідегі көлік санын арттыруға мүмкіндік береді, соның нәтижесінде аялдамада күту уақыты қысқарады, жаңа бағыттар ашылып, ескі автобустар кезең-кезеңімен ауыстырылады.
Қалаға 2023-2024 жылдары 700 автобус жеткізілді.
Сонымен қатар, өздеріңіз білетіндей, LRT жобасын іске асыру жұмысы жалғасып жатыр, қазірдің өзінде сынақтық іске қосу жұмысы басталып кетті. Сондай-ақ, жолдар мен жол айрықтарын салу және жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары елордада екі көпір пайдалануға берілді. Аталған жұмыстың барлығы алдағы уақытта да жалғасын табады», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.