Астанада жаңа туристік өнім — гольф туризм іске қосылды

«Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы биыл 4-9 қазан аралығында Үндістанның 7 туристік операторының өкілдеріне арнап ақпараттандыру турын ұйымдастырды. Атап айтқанда, GolfTripz, Born2Holiday, Veena World, Hyperlink, Carving Journeys, Click2Travel және Chalo DMC Group туроператорларының өкілдеріне алдымен «Астана» гольф клубы көрсетілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Тур бағдарламасына сай кешеннің ойындар мен демалысқа арналған инфрақұрылымы таныстырылып, шетелдік туристерді қабылдау әлеуетін бағалауға мүмкіндік берілді. Сонымен қатар турға қатысушылар осы сапар аясында Астананың көрнекі орындары мен қонақ үй кешендерін, мәдени-тарихи нысандарын аралайды. Бұдан соң олар Бурабай мен Алматыдағы гольф-клубтарын қарауға барады. Үндістандық туристік операторлар өкілдерінің Астанаға іс-сапары елорданың жаңа имиджін қалыптастырып, туристер ағынын ұлғайтудағы маңызды қадам болмақ.
-Астанада гольф турнирі мамыр айында ашылады, гольф ойнау маусымы алғашқы қар түскенге дейін, яғни қараша-желтоқсанға дейін созылады. Жыл сайын гольф қоғамдастығында республика бойынша шамамен 50 турнир өткізіледі. Елімізде оны өткізетін 4 гольф клубы бар. Астанада биыл 13 турнир өтті. Жалпы спорттың элиталық түрі жыл сайын жақсы дамып келеді. Міне осындай мүмкіндіктеріміз барын бүгін үндістандық қонақтарымызға көрсетіп жатырмыз, — дейді «Астана» гольф клубының турнир директоры Ержан Төреғожин.
«Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы бастамасымен ұйымдастырылған турды болашақта Оңтүстік Корея, Жапония және басқа да гольф ойнағанды жақсы көретін елдердің туристік операторлары үшін де өткізу жоспарда бар.
-Біздің орталық туристік операторлармен және Air Astana компаниясымен бірлесе Үндістан өкілдерімен осы турды ұйымдастырды. Спорттық туризмді дамыту арқылы басқа да туризм түрлері қоса дамитын болады. Турға қатысушылар қонақ-үй кешендерін, тамақтану, сауда орындары тағы да басқа қызметтерді пайдалану арқылы да қалаға табыс әкелуге септік етеді, -деді «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы» ЖШС Басқарма төрағасы Артём Квашу.
Astana Tourism туризмді дамыту орталығы туристік сервис және инфрақұрылым департаментінің директоры Ольга Абельдинованың айтуынша, басты мақсат – жоба арқылы барлық инвестицияның Астанада қалуына септік ету. Осы мақсатта қазір Астанада 8 туристік өнім іске асырылуда. Соның арқасында қазір шетелдіктер тек Алматыны ғана емес, Астана туралы да жақсы білетін болды.
-Қазақстанға бірінші рет келуім. Астананың әдемілігіне тәнті болдық. Зәулім ғимараттарымен таң қалдырды. Жергілікті халықтың қонақжайлылығы мен жайдары мінезіне де куә болдық. Бүгін Астанадағы гольф ойнайтын кешенді көріп, келушілерге жасалған жағдайға көңіліміз толды. Қаладағы керемет ғимараттарды да көріп үлгердік. Соның ішінде әлемдегі ең үлкен шатыр саналатын «Хан шатыр» сауда орталығына, «Пирамида» деп аталатын Бейбітшілік және келісім сарайына бардық. Ұлттық музейде қазақ халқының мәдениеті мен өнері, тарихы жайлы ақпараттарға қанық болдық. Келесі жылы Астанада турнир өткізуді көздеп отырмыз, — дейді Golftripz General менеджері Sandeep Miriyala.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар Қазақстанның астанасын гольф туризмін дамытудағы перспективалық бағыт ретінде танытуға септік етеді.
Райхан Рахметова
Фото: Оңалхан Өнерхан