Елорда тынысы
Астанада жаңа өрт сөндіру бөлімі ашылды

Астанада жаңа өрт сөндіру бөлімі ашылды. Ол 36 мың адам тұратын қарқынды дамып келе жатқан Үркер елді мекенінде орналасқан, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
-Бүгінге дейін ең жақын өрт сөндіру бөлімі елді мекеннен 15 шақырым қашықтықта болған. Жаңа бөлім төтенше жағдай орындарына жылдам жетуге айтарлықтай мүмкіндік береді. ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арыновпен бірге жаңа өрт депосының жабдықталуымен таныстық. Өрт бөлімі заманауи қажетті техникалармен қамтамасыз етілген: автоцистерналар, жедел әрекет ету көлігі және т.б. Мұнда жұмыс істеуге ыңғайлы болуы үшін толықтай жағдай жасалған. Алдағы уақытта азаматтық қорғау жүйесін одан әрі күшейте береміз. Өткен жылы 2 өрт депосы ашылды, ал соңғы 2 жылда елордалық ТЖД автопаркі 40-тан астам техникамен толықты, олардың арасында заманауи ұшатын дрондар да бар. Қазіргі уақытта тағы үш өрт бөлімінде күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр, – деді өзінің әлеуметтік парақшасында қала әкімі Жеңіс Қасымбек.
Бұдан бөлек, басым бағыттарымыздың бірі – тұрғын үй мәселесін шешу. Өткен жылы азаматтық қорғау қызметкерлеріне 50 пәтер берілген болса, биыл – тағы 15 пәтер. Аталған жұмыстың барлығы алдағы уақытта жалғасын табады.