Астанада жаңа кітапхана ашылды

Конституцияның 30 жылдығына орай елордада жаңа кітапхана ашылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Заманауи үлгідегі жаңа мәдениет ошағы Е-117 көшесінде орналасқан «Бағыстан» тұрғын үй кешенінде ашылды. Салтанатты шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаттары, елорда мәслихатының депутаттары, партия өкілдері мен мәдениет қызметкерлері қатысты.
Қонақтар кітапхана залдарын аралап, кітап қорымен танысты, оқу залында болды және алғашқылардың бірі болып абонемент рәсімдеп, кітапханаға жазылды. Іс-шара аясында Конституцияның 30 жылдығына арналған «Айбары асқақ Ата Заң» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ директоры Гүлбадан Мәдібаева жаңа орталықтың тұрғындар үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Қорда 3 мыңнан астам кітап бар. Жыл сайын 2-3 мың оқырман қабылдауды жоспарлап отырмыз. Барлық қызмет тегін: оқырмандар кітаптарды орнында оқи алады немесе үйге алып кете алады. Компьютерлермен жабдықталған мультимедиялық зал жұмыс істейді, интернет пен Wi-Fi да тегін. Бұл – жастар мен қала тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік», – деді ол.
Кітапхананың аумағы шамамен 150 шаршы метрді құрайды. Мұнда төрт қызметкер жұмыс істейді. Ғимарат «абонемент», мультимедиялық және оқу залдарына бөлінген. Кітапхана жанынан поэзия клубы, қолөнер үйірмесі, тарихты зерттеу секциясы мен балаларға арналған әдеби-танымдық үйірме ашылады.
Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Жанабай Мейірманқұлов елордадағы бұл жаңа нысанның 23-ші кітапхана екенін жеткізді.
«Биыл тағы екі кітапхана ашуды жоспарлап отырмыз. Төртінші тоқсанда қаладағы кітапханалар саны 25-ке жетеді. Олардың барлығы жаңа аудандарда мемлекеттік қаражат есебінен ашылып жатыр», – деп атап өтті ол.
https://kaz.inform.kz/news/astanada-zhana-ktaphana-ashildi-c26fa6/