Астанада вандализмге барған 160 адам жазаланды

Елордада вандализм әрекеттері мен қоғамдық тәртіпті бұзушылықтарға қарсы жүйелі күрес жүргізілуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Жақында Байқоңыр ауданындағы Уәлиханов көшесінде белгісіз адамдар аялдама павильонының терезесін сындырған. Полиция тексеріс нәтижесінде 37 жастағы ер адам анықталды. Оның мас күйінде қала мүлкін әдейі бүлдіргені белгілі болды. Сот шешімімен құқық бұзушы 10 тәулікке қамауға алынды.
Жалпы, 2025 жылдың басынан бері 160 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 93 адам қамауға алынып, 67 азаматқа жалпы сомасы 10,4 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Заң бойынша аялдамаларды, орындықтарды, шағын сәулет нысандарын және өзге де инфрақұрылым нысандарын бүлдіргендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мұндай әрекеттер қалаға материалдық шығын келтірумен қатар, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне кедергі жасайды.
Өткен жылдан бері елордада «Стоп, вандал» акциясы өткізіліп келеді. Оған еріктілер, белсенділер, спортшылар мен қала тұрғындары атсалысуда. Акцияның мақсаты – вандализмнің кез келген түріне жол бермеу және тазалық пен тәртіпті сақтау.
Қалалық полиция прокуратурамен бірлесе отырып «Заң және тәртіп» қағидаты аясында вандализмге қарсы жұмыстарды жалғастыруда.
Еске салайық, бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру 60 АЕК-ке дейін айыппұлмен немесе 30 тәулікке дейін қамаумен жазаланады.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада вандализмге қарсы рейд басталғаны хабарланды.