Ел тынысы

Астанада ұлттық және спорттық ойындардан тұратын спартакиада өтті

 Астана қаласының Жетісу саябағында ерекше рухтағы спорттық мереке – QazaqTeam ұлттық және спорттық ойындардан тұратын спартакиада өтті. Шараны ұйымдастырушы – Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Аталған спартакиаданың негізгі мақсаты – жастар арасында ұлттық спорт түрлерін насихаттап, командалық рухты күшейту және достық пен өзара қолдау атмосферасын қалыптастыру. Бұл жолы сайысқа 100-ге жуық ерікті жастан құралған 12 команда қатысты. Қатысушылар 10 арнайы нүктеден өтетін ойындар арқылы өз күшін, ептілігін және бірлігін сынады. «Бұл іс-шараның басты мәні – еріктілер арасындағы сенімді арттырып, жазғы кезеңді мазмұнды өткізу. QazaqTeam – жыл сайын өтетін дәстүрлі тимбилдинг форматындағы спартакиада. Біз ұлттық ойындарды заманауи түрлендіріп, жастарға қызықты форматта ұсынып келеміз», – дейді іс-шара ұйымдастырушысы, «Астана жастары» ЖРО бөлім басшысы Арайлым Сапарәлі.

Іс-шараға қатысқан жастардың белсенділігі мен эмоциялық әсері ерекше байқалды. №37 мектептің оқушысы Дана бұл шараға емтиханнан кейінгі бос уақытын тиімді өткізу үшін келгенін айтты. «Командам өте керемет. Біз екі ойында жеңіске жеттік. Физикалық тұрғыдан дайынбыз, сол себепті жеңіске деген сеніміміз жоғары», – дейді Дана. Ал Бөкейхан атындағы BINOM мектебінің оқушысы Наргиз ойын барысында командалық қолдаудың ерекше рөл атқарғанын атап өтті. «Командадағы әр қатысушы өзіне тән бір ойында мықты. Біз бір-бірімізді алға сүйреп, бір жүйе ретінде жұмыс істеп жатырмыз. Осындай ұйымдасқан шаралар маған үлкен мотивация береді», – деді ол. QazaqTeam – бұл жай ғана спорттық жарыс емес, ұлттық рух пен заманауи жастардың тоғысқан алаңы. Спартакиада достыққа негізделген бәсеке арқылы жастарды ынтымақтастыққа, белсенділікке және ұлттық мәдениетті құрметтеуге тәрбиелейді. «Астана жастары» ұйымдастырған бұл бастама алдағы уақытта да өз жалғасын табатыны анық. Себебі жастардың қызығушылығы мен қолдауы мұндай жобалардың өміршеңдігін дәлелдейді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button