Астанада теміржол мамандығының болашағы талқыланды

Астана қаласы әкімдігінің Көлік және коммуникация жоғары колледжі базасында «Теміржол мамандықтарының болашағы: кадрларды даярлау және жұмыспен қамту» тақырыбында форсайт-сессия өтті, деп хабарлады astana-akshamy.kz
Іс-шара Жұмысшы мамандықтар жылына орай ұйымдастырылып, көлік саласын дамытуға бағытталған стратегиялық пікір алаңына айналды.
Сессияның басты мақсаты – теміржол саласындағы мамандарды даярлау мен оларды жұмысқа орналастыруға қатысты болашақтың негізгі үрдістері мен сын-қатерлерін анықтау. Сонымен қатар білім беру ұйымдары, мемлекеттік басқару органдары мен бизнес құрылымдары үшін стратегиялық ұсынымдар әзірлеу көзделді.
Іс-шара аясында колледждер мен теміржол саласындағы жетекші компаниялар арасындағы әріптестік байланыстарды нығайту да басты назарда болды.
Үш колледждің қатысуымен кәсіби талқылау өтті
Форсайт-сессия жұмысына Астана қаласының үш жетекші колледжі қатысты. Олар:
1. Астана қаласы әкімдігінің Көлік және коммуникация жоғары колледжі;
2. Астана қаласы әкімдігінің Техникалық колледжі;
3. Тынышбаев атындағы көлік және коммуникация колледжі.
Колледж студенттері мен әлеуметтік серіктестер кәсіби мамандықтарға қатысты өзекті сұрақтарды бірге талқылады. Еңбек нарығындағы сұраныс, жаңа өндірістік талаптар мен технологиялық өзгерістерге сәйкес оқу бағдарламаларын бейімдеу мәселелері қозғалды.
Әр оқу орны өз мамандықтарына сай ұсынылған сұрақтарға жауап беріп, практикалық шешімдер ұсынды. Бұл өзара пікір алмасу кәсіби бағдар беру ісін күшейтіп, білім беру мен өндірістік процестердің өзара байланысын нақтылауға мүмкіндік берді.
Сарапшылар пікірі Іс-шара барысында саланың жетекші мамандары өз ойларын бөлісті.
«Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Адами ресурстарды басқару департаментінің HR-бизнес серіктесі Алма Тұрарқызы:
«Бұл шара болашақ теміржолшылар үшін аса маңызды. Біз студенттердің дайындығын, көзқарасын тыңдадық. Қандай кедергілер бар, оларды қалай шешуге болады – осының бәрін бірге сараладық. Теміржол – ел экономикасының тірегі. Осы салада 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін. Жастарды осы бағытта аянбай еңбек етуге шақырамын», – деп пікір білдірді.