Астанада тағы бір газ жылу станциясын салу жұмысы басталды

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында кезекті газ жылу станциясы туралы жазды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
— Елордада инфрақұрылымды озық дамыту мақсатында тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын салып жатырмыз. Бұл нысандар қаланың жылу және электр қуатын, сондай-ақ сумен жабдықтауды арттыруға мүмкіндік береді. Біз үшінші ауыз су станциясын (ССС-3), газбен жұмыс істейтін жылыту қондырғыларын, электрлі қосалқы станциясын және басқа да нысандарды салып, пайдалануға бердік, — деді қала басшысы.
Мәселен, жаңа жылу көздерін іске қосу жылу жүйесінің қуатын 34%-ға арттырды, профицит мөлшері 500 Гкал/сағ. Қазіргі жылыту маусымы қалыпты режимде өтіп жатыр. Мысалы, ауа температурасы -20°С болған жағдайда жылу профициті шамамен 1500 Гкал/сағ.
— Жылу қуатын сақтау мақсатында 710 МВт қуатты жаңа «Тельман» газ жылу станциясын салып жатырмыз. Жобаның жүзеге асырылуы нәтижесінде «Бағыстан» тұрғын үй кешені, Телман елді мекені және Ұлы Дала даңғылы аудандары орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етіледі. Табиғи газдың пайдаланылуы экологиялық жағдайды жақсартып, Телман ауданындағы ауаның ластану деңгейін төмендетеді. Сол сияқты ЖЭО-2-ні кеңейту бойынша дайындық басталды және ЖЭО-3-тің екінші кезегін жобалау жұмысы жүріп жатыр, — дейді қала әкімі.



