«Тәуелділікті спортқа айырбаста» акциясы жалғасын тапты
Астанада Орталық жағалауда, «Кенесары хан» ескерткіші маңында «Тәуелділікті спортқа айырбаста» атты акция ұйымдастырылды. Іс-шара «Заң және тәртіп» бағдарламасы аясында өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Акция барысында тұрғындарға зиянды әдеттерден, әсіресе темекіден бас тартып, оның орнына спортпен шұғылдануға мүмкіндік беретін құрал-жабдықтар ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат — салауатты өмір салтын насихаттау және жастарды спортқа тарту.
Іс-шараның хедлайнері — дзюдодан Қазақстанның спорт шебері Сергей Пак. Ол 16 жылдан астам уақыттан бері спортпен айналысып, бүгінде жас спортшыларды жаттықтырып келеді.
— Бұл акцияның негізгі мақсаты — адамдарды зиянды әдеттерден арылтып, спортқа бет бұрғызу. Осындай бастамалар адамның өмір салтын өзгертуге серпін береді, — деді спортшы.
Сарыарқа ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Дамир Хисматуллиннің сөзінше, мұндай іс-шаралар елордада жүйелі түрде өткізіліп келеді.
— Денсаулық — әр адамның жеке таңдауы. Біз тұрғындарға зиянды әдеттерді пайдалы дағдылармен алмастыруды ұсынамыз. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, — деді ол.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, соңғы жылдары осындай 100-ден астам акция өткізілген. Бүгінде жоба жыл сайынғы дәстүрге айналып, қоғам тарапынан кең қолдауға ие болып отыр.
Мамандар мұндай бастамалар дені сау әрі белсенді қоғам қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.



