
Астанада спорт федерацияларына жаңа Конституцияның негізгі қағидаттары түсіндірілді, деп хабарлады astana-akshamy.kz
Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысының орынбасары Азамат Ағзамов елордалық спорт федерацияларының басшыларымен арнайы кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының негізгі қағидаттары мен ережелері жан-жақты түсіндірілді.
Жиынға 15-ке жуық жергілікті спорт федерациясының өкілдері қатысып, жаңа конституциялық өзгерістердің ел дамуына, соның ішінде спорт саласына тигізетін ықпалы кеңінен талқыланды.

Азамат Қазезұлы өз сөзінде жаңа Конституцияда заман талаптарына сай өзекті мәселелер көрініс тапқанын атап өтті.
«Бүгінгі жиынымызды еліміз үшін маңызды тарихи оқиғадан бастағым келеді. Жаңа Конституция жобасы әзірленіп, референдумда халықтың қолдауына ие болды. Алдағы 1 шілдеден бастап бұл құжат өз күшіне енеді.
Бұл — ел дамуының жаңа кезеңі. Жаңа Конституция мемлекеттік жүйені жаңғыртып, бір палаталы парламент енгізуді көздейді. Ең бастысы — адам құқықтары басты құндылық ретінде айқындалған.
Сонымен қатар, цифрлық қауіпсіздікке, білім мен ғылымға, инновацияға ерекше мән беріліп отыр. Әрбір азаматтың құқығы мен жеке деректерін қорғау — басты назарда.
Бүгінде «Заң мен тәртіп» қағидаты ерекше маңызға ие, өйткені заң алдында бәріміз теңбіз. Еліміздегі тұрақтылық пен тәртіп үшін тек мемлекет қана емес, әрқайсымыз жауаптымыз.
Әсіресе, жас спортшыларымызға ерекше көңіл бөлу маңызды. Жаңа Конституцияның негізгі қағидаларын оларға түсінікті әрі жүйелі түрде жеткізу қажет. Әрбір жас өз құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ жауапкершілігін нақты білуі тиіс», — деді өз сөзінде Азамат Ағзамов.

Айта кетейік, бұған дейін де республикалық референдум алдында қалалық және мәжіліс депутаттарының қатысуымен осындай кездесулер өткен. Ал бұл жолғы жиын жаңартылған Конституция қабылданғаннан кейін алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл өз кезегінде талқылауға ерекше өзектілік беріп отыр.
Сонымен қатар, жиын барысында спорт саласындағы ұйымдардың қызметін заң талаптарына сәйкестендіру, ашықтық пен есептілікті арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Федерация өкілдері өз тараптарынан сұрақтар қойып, ұсыныстарын білдірді. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өзара пікір алмасуға мүмкіндік алды.



