Астанада «Мемориалдық аймақ» іздеу жасағын экспедицияға салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті

Астанада Қазақстан Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Санкт-Петербург маңындағы Синявин биіктіктерінде қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің сүйектерін іздеумен айналысатын «Мемориалдық аймақ» іздеу жасағын экспедицияға салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлады astana-akshamy.kz
Іс-шараға Мәжіліс депутаты Павел Казанцев, ҰӘПО-ның Алматы филиалы жанындағы Жауынгерлік даңқ мұражайының басшысы Алуа Байқадамова, әскери қызметшілер, Қарулы Күштердің ардагерлері, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедрасының оқытушылары мен студенттері қатысты.
Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Иван Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова іздеушілердің миссиясының маңыздылығын атап өтіп, «Мемориалдық аймақ» жасағының командирі Майдан Құсайыновқа алғыс хат табыстады.
Мәжіліс депутаты Павел Казанцев іздеу жасағының көпжылдық еңбегін тек маңызды ғана емес, шын мәніндегі ерлік деп атады.
– Сіздердің осы жұмысты бастағандарыңызға жарты ғасырға жуық уақыт болды. Сіздер жай ғана хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің сүйектерін тауып қана қоймай, батырларды қайта тірілтіп, уақыт пен ұрпақтарды жалғап тұрған киелі іспен айналысып жатырсыздар, – деді депутат.
Майдан Көмекұлы бұл жолғы 15 күндік экспедицияға іздеу жасағының сегіз ардагері қатысатынын айтты. Олардың ішіндегі ең жасы – 57 жаста, ал ең үлкені, яғни командирдің жасы – 82-де.
– Біз бұл жолы «Ұрысқа тек қарттар ғана барады» деген ұранмен бара жатырмыз. Күніне орта есеппен 30 шақырым жүріп өтеміз – батпақпен. Бірақ мен бұл Синявин батпақтары мен биіктіктерінде «еңбек ету» мүмкіндігін ешбір әлемдегі курортқа айырбастамаймын. Біз қасиетті іспен айналысып жатырмыз – сол жерлерде мәңгі қалғандар үшін аяқталмаған соғысты аяқтап келеміз деген ой мені шабыттандырады, – деді Майдан Құсайынов.
Айта кетейік, Ұлы Отан соғысы жылдарында Санкт-Петербург маңындағы Синявин батпақтары мен биіктіктерінде Ақмола және Петропавл қалаларында құрылған қазақстандық 310-шы және 314-ші атқыштар дивизиялары ерлікпен шайқасқан болатын.