Әлеумет

Астанада «Шаңырақ күні» қандай іс-шаралар өтеді?

Астанада «Наурызнаманың» онкүндігі аясында «Шаңырақ күніне» арналған бірқатар маңызды іс-шара жоспарланып отыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Бұл күні Байқоңыр ауданының аумағында мерейтойын атап өтіп жатқан отбасыларға (бірге өмір сүргендеріне 45, 50, 55 жыл толған) салтанатты құттықтаулар ұйымдастырылады.

Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің филиалдарында кітап көрмелері өтеді. Ал Өнер музейінде оқушыларға арналған экскурсиялар ұйымдастырылады.

17 наурыз күні сағат 10:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Көңілді старттар – 2026» атты отбасылық эстафета өтеді. Іс-шараның мақсаты – отбасылық құндылықтарды насихаттау, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп отырған үлгілі отбасыларды ынталандыру, сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығын нығайту. Эстафета бағдарламасы екі кезеңнен тұрады және ұлттық ойын элементтерін қамтиды.

Шаңырақ күні Астанада көпбалалы аналар да марапатталады. Сарыарқа ауданында бала тәрбиесіне және отбасылық құндылықтарды нығайтуға елеулі үлес қосқан көпбалалы аналарға «Күміс алқа» және «Алтын алқа» төсбелгілерін табыстау салтанатты рәсімі өтеді. Марапаттау рәсімі сағат 11:00-де Сарыарқа даңғылы, 13 мекенжайында басталады.

Сондай-ақ 17 наурыз күні сағат 15:00-де Сарыарқа даңғылы, 13 мекенжайындағы Сарыарқа ауданы әкімдігінің ғимаратында «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесіп, салтанатты іс-шара ұйымдастырады. Оның аясында жас жұбайлар мен ұзақ жыл бірге өмір сүріп келе жатқан жұптар символикалық түрде неке қию рәсімінен қайта өтеді.

17 наурыз күні сағат 16:30-да Кенесары көшесі, 9 мекенжайындағы «Өрлеу» орталығында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Тұсаукесер» рәсімі өткізіледі. Іс-шараға Сарыарқа ауданының әкімі қатысады.

Шаңырақ күні Астанада көпбалалы аналарды марапаттау рәсімі Есіл және Сарыарқа аудандарында да өтеді. Онда бала тәрбиесіне және отбасылық құндылықтарды нығайтуға елеулі үлес қосқан аналарға «Күміс алқа» мен «Алтын алқа» төсбелгілері табысталады.

Осы күні Музыкалық жас көрермен театрында «Бақытты шаңырақ жыры» тақырыбында шығармашылықпен айналысатын жас отбасылармен кездесу өтеді. Іс-шара 17 наурыз күні кешкі сағат 18:30-да басталады. Театр ұжымында бір-бірімен шаңырақ көтеріп, отбасын құрған 19 жұп бар. Кездесу барысында әндер шырқалып, жас отбасылар өз өнерлерін көрсетеді, ақ тілектер мен баталар айтылады.

Сонымен қатар бұл күні ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған ауқымды мәдени-спорттық іс-шара өтеді. Оның аясында «Алтын сақа» флешмобы мен асық ойыны ұйымдастырылады.

Іс-шара цифрландыру жылы аясында жасанды интеллект элементтерін қолдану арқылы өткізіледі. Оны Айдар деп аталатын жасанды интеллект жүргізеді. Ұлттық ойынға арналған мәдени-спорттық бағдарламаға барлығы 3000 бала қатысады. Арнайы қойылым арқылы қатысушылар «алшы» түскен асықтың пішінін және «Алтын сақа» сөздерін бейнелеп, қатарға тұрады.

Музыкалық композиция орындалған кезде балалар флешмобтың көркемдік идеясын ашатын түрлі би қимылдарын орындайды. Флешмоб аяқталғаннан кейін жасанды интеллект қаладағы барлық білім беру ұйымында – балабақшалар мен мектептерде асық ойынының басталғанын ресми түрде жариялайды. Осы белгі бойынша 15 000-нан астам бала бір мезетте ұлттық ойынға қатысады.

Осы күні сағат 12:30-да қала колледждерінің студенттеріне арналған жатақхананың ашылу рәсімі өтеді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button