Астанада шамамен 2 500 жол жұмысшысы қар күреу жұмысына шықты

Соңғы үш күнде коммуналдық қызметтер елорда аумағынан 270-тен астам жүк көлігіне тең қар шығарды. Жұмыс тәулік бойы, ауысыммен жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
6 қараша күні таңертеңнен бастап қала бойынша қар тазалау жұмысына шамамен 2 500 жол жұмысшысы мен мыңға жуық арнайы техника тартылды.
Өткен түні қаладан арнайы полигондарға 36 рейспен 444 текше метр қар шығарылды.
Қыс маусымы басталғалы бері барлығы 3,3 мың текше метрден астам, яғни 272 жүк көлігіне тең қар тазартылып шығарылған.
Ең алдымен қаладағы негізгі көше магистральдары мен қоғамдық көлік бағыттары тазаланады. Осыдан кейін жұмыс қозғалыс қарқыны орташа учаскелерде – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда жүргізіледі.
Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда абай болуға және қолайсыз ауа райы жағдайында алыс сапарлардан бас тартуға шақырады.



