Астанада құрбандық шалатын орындар анықталды

Биыл Қазақстанда Құрбан айт мейрамы 6-8 маусым аралығында өтеді. Астанада құрбандық шалуға арналған арнайы орындар белгіленді. Бұл туралы қалалық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының Дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сұлтанбейбарыс Басыр мәлім етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ақпаратына сәйкес, 6 маусым күні таңғы сағат 6:00-де қаланың барлық мешітінде айт намазы оқылады. Астанада арнайы бөлінген орындарда құрбандық шалу сағат 8:00-ден 18:00-ге дейін жүргізіледі. Аудан әкімдіктерінің ұсыныстары бойынша 2025 жылы құрбандық шалуға арналған келесі 5 орын белгіленді:
Байқоңыр ауданы: «Жайлау» базары – Алаш тасжолы, Ц-313 көшесі; «Big Шанхай» базары – Алаш тасжолы, 34/6 (Көк базардың артында); «Баракат» базары – А-369 көшесі, №10 ғимарат; «Шәушен» шаруа қожалығы – Алаш тасжолы, 136Б.
Алматы ауданы: «Ет-Хан» ет цехы – Теміржолшылар тұрғын алабы, Ақжар көшесі, 20.
Астана әкімдігі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қалалық өкілдігі және тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп дайындық және ұйымдастыру жұмысын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, Құрбан айт күндері құрбандық шалу және өзге де өзекті мәселелер бойынша тұрғындарға кеңес беру үшін «109» call-орталығы тәулік бойы жұмыс істейтін болады.