Қоғам

Астанада қоғамдық тамақтану орындарында өрт қауіпсіздігіне бақылау күшейтілді

Астанада қоғамдық тамақтану нысандарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына қатысты көшпелі түсіндіру іс-шаралары жалғасып жатыр. Мамандар қауіпсіздік талаптарын, электр желілерін пайдалану тәртібін және өрт сөндіру құралдарының міндетті түрде болуы қажеттігін түсіндіруде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Аталған жұмысты Кәсіпкерлікті дамыту және инвестициялар басқармасының, Төтенше жағдайлар департаментінің, аудандық әкімдіктер мен полиция органдарының мамандары бірлесіп жүргізіп жатыр.

Іс-шаралардың негізгі мақсаты – төтенше жағдайлардың алдын алу және профилактика жасау. Кездесулер барысында нысан иелері мен қызметкерлеріне электр сымдарының жай-күйіне, желдету және түтін тарту жүйелерінің жарамдылығына, сондай-ақ өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптарын сақтауға ерекше назар аударылуда.

Мәселен, Сарайшық ауданында Dodo Pizza, «Сазан», Chicken Aldiyar, «Медина» кафесі және өзге де қоғамдық тамақтану орындарында профилактикалық аралау жұмысы жүргізілді.

Мұндай алдын алу іс-шаралары күн сайын өткізіліп, елорданың барлық ауданын қамтиды. Жүйелі жұмыс қоғамдық тамақтану орындары иелері мен қызметкерлерінің жауапкершілік деңгейін арттыруға, сондай-ақ келушілер үшін қауіпсіз жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қалалық Кәсіпкерлікті дамыту және инвестициялар басқармасы атап өткендей, бұл шаралар ең алдымен түсіндіру және алдын алу сипатында жүзеге асырылуда.

«Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау – қоғамдық тамақтану нысандарының жұмыс істеуіндегі міндетті шарт. Мекеме иелері келушілер мен қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін жеке жауапкершілікке ие. Біздің міндет – осы талаптардың толық түсіндіріліп, қатаң сақталуын қамтамасыз ету», – деп хабарлады басқарма.

Айта кетейік, 27 желтоқсаннан бастап Астанада қоғамдық тамақтану орындарында өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша іс-шаралар басталған.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button