Әлеумет

Астанада Қазақстан-Финляндия бизнес форумы өтті

Астана, 2025 жылғы 28 қазан – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Финляндия Республикасының Президенті Александр Стуббтың қатысуымен Қазақстан-Финляндия бизнес форумы өтті. Форум екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға және өнеркәсіптік әрі инвестициялық кооперацияның жаңа бағыттарын талқылауға арналған маңызды алаңға айналды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Форум спикерлерінің қатарында ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов, Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов, Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Рахымжан Исақұлов, «EastCham Finland» бас директоры Янне Реколайнен, «Nurminen Logistics» президенті Олли Похьянвирта, сондай-ақ ұлттық компаниялар мен іскерлік қауымдастықтардың өкілдері болды.

Өз сөзінде Ғабидолла Оспанқұлов Қазақстан мен Финляндия арасындағы жоғары сенім деңгейін атап өтіп, экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейту үшін зор әлеует бар екенін айтты: «Біздің елдерді өзара құрмет, сенім және серіктестікті дамытуға деген ұмтылыс біріктіреді. 2024 жылы екіжақты тауар айналымы 171,9 млн АҚШ долларын, ал 2025 жылдың сегіз айында 89,5 млн АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіштер сауда-инвестициялық қатынастарды одан әрі нығайту үшін зор әлеует бар екенін көрсетеді. Финляндия Қазақстан үшін маңызды серіктес және инвестор: тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 486 млн АҚШ долларынан асты, бүгінде елде 70 фин компаниясы табысты жұмыс істеуде», – деді ол.

Форумға екі елдің жетекші компаниялары қатысты, олардың қатарында: «Wärtsilä», «Normet», «EPSE», «Telko», «GTK», «Peikko Group», «Honkarakenne», «Konecranes», «Sweco», «Lamor», «Finnish Water Forum», «Ponsse», «Valtra», «Valio», «Nurminen Logistics», «Eduten» және «Lojer Group» бар. Қазақстан тарапынан «Самрук-Қазына» АҚ, «ҚазМұнайГаз», Өнеркәсіпті дамыту қоры, «BI Group», «ERG», «QazTrade», «Smartlog» және басқа да компаниялар қатысты.

Форум барысында өнеркәсіптік кооперацияны, экологиялық технологияларды және тұрақты өндірісті дамытуға бағытталған алты екіжақты құжатқа қол қойылды, олардың ішінде:

  • «Бурабай Даму» АҚ мен «Honkarakenne Plc» арасындағы туризмді және экологиялық құрылысты дамыту туралы ынтымақтастық меморандумы;
  • «BI Construction» & «Engineering» және «Peikko Group» арасындағы «DELTABEAM» құрылыс жүйелерін бірлесіп өндіру туралы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • «TOR’RE Ltd» және «Honkarakenne Plc» арасындағы ағаш тұрғын үй құрылысы бойынша пилоттық жобаны іске асыру туралы меморандум;
  • «Теңіз жасағы» АҚ және «Lamor Corporation Plc» арасындағы мұнайдың төгілуіне қарсы іс-қимыл және теңіз операцияларын қолдау жөніндегі ынтымақтастық меморандумы;
  • «Самрук-Қазына Өңдеу» ЖШС және «Wärtsilä Finland Oy» арасындағы энергия тиімділігін арттыру және энергетикалық технологияларды дамыту саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • «Самрук-Қазына Өңдеу» ЖШС және «EPSE Oy» арасындағы өндірістік және сарқынды суларды тазарту бойынша фин технологияларын енгізу жөніндегі меморандум.

Форум компаниялар арасында тікелей байланыс орнатуға, тәжірибе алмасуға және жасыл технологияларды дамытуға, өнеркәсіптік кооперация мен фин технологияларын Қазақстанда жергіліктендіруге бағытталған жаңа инвестициялық жобаларды талқылауға арналған тиімді алаң болды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button