Астанада қар тазалау жұмыстары тоқтаусыз жүруде

Астанада күндіз қар тазалау жұмысына 1 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды. Астанада коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне өтті. Қала көшелерін қардан тазалау жұмысы үздіксіз жүріп жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
8 желтоқсан күні таңертеңнен бастап елорданың алты ауданында үш мыңға жуық жол жұмысшысы мен мыңнан астам арнайы техника қар күреуге шықты.

Алдымен негізгі көше магистральдары мен қоғамдық көлік бағыттары тазартылады. Осыдан кейін қозғалыс қарқындылығы орташа учаскелерде – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі.
Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райында алыс сапарларға шықпауға шақырады.



