Астанада қай жерде шомылуға болады?

Астанада жазғы маусым басталысымен су айдындарында демалушылар саны артады. Осыған байланысты қала прокуратурасы мен Төтенше жағдайлар департаменті алдын алу жұмыстарын күшейтті. Олар рұқсат етілмеген жерлерде шомылуға қатаң тыйым салуда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Аталған мекемелер тарапынан қажетті нормативтік құжаттар әзірленіп, бекітілді, Есіл өзенінде тәулік бойы патрульдеу ұйымдастырылды, қауіпті аумақтарға ескерту белгілері орнатылды және білім беру мекемелерінде қауіпсіздік күшейтілді.
Бүгінде қала аумағында шомылуға арналған 5 ресми орын белгіленген: Орталық жағажай, «Три пескаря» (Көктал-1), «Армина», «Столичный двор» (Күйгенжар) және Ш.Бейсекова көшесінде көпір маңындағы коммуналдық жағажай.
Төтенше жағдайлар департаменті қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді, яғни тек арнайы белгіленген және жабдықталған жерлерде шомылу, қалқымадан асып жүзбеу, балаларды қараусыз қалдырмау және мас күйде суға түспеу керек. Сол ережелерді сақтамағандықтан 2023 жылы елорда су айдындарында 4 адам, оның ішінде бір жасөспірім қаза тапты. Қайғылы жағдайдың бәрі шомылуға тыйым салынған жерлерде әрі қауіпсіздік ережелерін сақтамаумен байланысты болған, яғни олар арнайы жабдықталмаған орындарда шомылған, мас күйде суға түскен және балаларды қараусыз қалдырған. Бұл ережелерді бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Өткен жылы 1,5 миллион теңгеге 264 әкімшілік хаттама толтырылған. Осы мақсатта қазіргі таңда қаланың барлық ауданында прокуратура, ТЖД, полиция және әкімдік өкілдерінің қатысуымен рейдтер өтіп жатыр. Су айдындары, рұқсат етілмеген шомылу орындары, субұрқақтар және өзге де қауіпті аймақтар, әсіресе балалар жиі баратын орындар тексерілуде.
-Кәмелетке толмағандар үшін қауіп төндіретін жерлер ерекше бақылауда. Дрон көмегімен шомылуға арналмаған жағалау аумақтары анықталып жатыр. Мысалы, Сарайшық ауданында қауіпті су қоймасы анықталып, сол жерде ескерту белгілері орнатылып, жауапты қызметтердің кезекшілігі ұйымдастырылды және мониторинг жүргізілуде, – деді Астана қаласы прокурорының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға көмекшісі Әйгерім Өмірзақова.
Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Ренат Смағұлов Астана қаласы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының қызметкерлері Есіл өзені мен басқа да қауіпті аймақтарды тәулік бойы патруль жүргізіліп жатқанын жеткізді. Қазіргі таңда судағы оқыс оқиғалардың алдын алу, ереже бұзушыларды анықтау және тұрғындарды қауіпсіздік ережелерімен таныстыру мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.