Астанада психикалық денсаулықтың болашағы талқыланды
Психикалық денсаулық саласындағы озық технологияларды талқылау мақсатында Астана қаласы әкімдігінің Қалалық психикалық денсаулық орталығы (ҚПДО) базасында «Халықтың психикалық денсаулығы: алдын алу, қолдау, оңалту» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Конференцияға психиатр-дәрігерлер, психотерапевтер, клиникалық психологтар, Астана медицина университетінің психиатрия, наркология және клиникалық психология кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар мен резиденттер қатысты.

Қазіргі таңда психикалық денсаулық мәселесі Қазақстанда да, бүкіл әлемде де ерекше маңызға ие болып отыр.
Бұл психоэмоционалдық жүктеменің артуымен, психикалық және мінез-құлық бұзылыстарының кең таралуымен, сондай-ақ тиімді профилактикалық және оңалту тәсілдерін дамыту қажеттілігімен байланысты. Бүгінгі таңда пәнаралық өзара іс-қимыл, ерте көмек көрсету, инклюзивті тәжірибелер және ауыр психикалық бұзылыстары бар пациенттерге психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік қолдаудың заманауи әдістеріне ерекше көңіл бөлу қажет.
ҚПДО директоры, медицина ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Куаныш Алтынбеков құттықтау сөз сөйледі.
Конференция бағдарламасы 2026 жылғы ең өзекті мәселелерге бағытталды:
– Медицинадағы жасанды интеллект: нейрожелілердің депрессиялық жағдайларды ерте кезеңде анықтауға көмегі.
– Балалардың психикалық денсаулығы: назар тапшылығы және гиперактивтілік синдромын, жасөспірімдердегі мінез-құлық бұзылыстарын емдеудің жаңа тәсілдері.
– Емдеушілерді қорғау: медицина қызметкерлеріндегі кәсіби күйіп кету (шаршауы) және екінші рет стресс мәселесі.
– Инновациялық терапия: мультидисциплинарлық командалар жұмысындағы когнитивті-мінез-құлықтық технологиялар.
Психикалық денсаулық саласында қолжетімділік пен сапаны арттыру, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесінде пәнаралық тәсілді дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.



