Астанада прокурорлар оқушылармен ашық сұхбат құрды

Астанада №91 мектеп-гимназиясының акт залында оқушыларға кәсіби бағдар беруге бағытталған ерекше форматтағы кездесу өтті. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған «Құқық және тәртіп: қазіргі қоғамдағы заңгер мамандығы» тақырыбындағы іс-шара подкаст форматында өрбіді. Іс-шараның бастамашысы – мектеп жанынан құрылған «Болашақ прокурор» оқушылар клубы, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кездесуге Сарайшық ауданының 17 мектебінен клуб мүшелері, сондай-ақ заңгерлік мамандықтарға және құқықтық тәртіп мәселелеріне қызығушылық танытқан №91 мектеп-гимназиясының 9-11 сынып оқушылары қатысты. Іс-шараның құрметті қонақтары ретінде прокуратура органдарының тәжірибелі қызметкерлері шақырылды.
Атап айтқанда, Сарайшық ауданы прокуратурасының аға прокуроры Құралай Ізмұратова мен қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің прокуроры Нұрдәулет Ешенқұлов оқушылармен ашық пікір алмасты.
Кездесу барысында қонақтар өздерінің мамандыққа келу жолы, қызмет барысындағы жауапкершілік пен прокуратура органдары жұмысының ерекшеліктері туралы мазмұнды әңгіме өрбітті.
Сонымен қатар заң саласының негізгі бағыттары мен болашақ заңгерлерге қойылатын талаптар жан-жақты түсіндірілді. Құқықтық мәдениетті қалыптастыру, қоғам алдындағы жауапкершілік және күнделікті өмірде заң талаптарын сақтаудың маңыздылығы да назардан тыс қалмады.
Подкаст форматы еркін әрі ашық диалог орнатуға мүмкіндік берді. Оқушылар мамандық таңдау, прокурор қызметіндегі эмоционалдық жүктеме, нақты қызметтік жағдайлар және жастардың құқықтық мемлекет қалыптастырудағы рөлі туралы өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Әсіресе, кездесудің интерактивті бөлімі оқушылардың белсенділігін арттырып, шараның әсерлі өтуіне ықпал етті.



