Елорда тынысы

Астанада перинаталдық орталық, травмпункт және емханалар салынады

Астанада қаланың дамуы аясында әлеуметтік нысандардың құрылысына ерекше көңіл бөлініп отыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Соңғы жылдары Астанада 21 медициналық нысан салынып, пайдалануға берілді. Олардың қатарында Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы, сондай-ақ тұрғындарға қадамдық қолжетімділікте қамтамасыз ету үшін ашылған емханалар жанындағы 19 филиал бар. Қалада алдағы уақытта қандай медициналық нысандар салынатынын Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек айтып берді.

«Халық санының жыл сайын артуына байланысты медициналық мекемелерге деген сұраныс та өсіп келеді. Осы мәселені шешу үшін Есіл мен Нұра аудандарында екі емхананың, Алматы ауданында перинаталдық орталықтың, жаңа көпбейінді қалалық аурухананың, сондай-ақ Есіл ауданында балаларға арналған травматологиялық пунктің құрылысын бастаймыз.

Қалалық №2 аурухананың қабылдау-диагностикалық кешенінің құрылысы аяқталу үстінде. Сонымен қатар Сарыарқа ауданында перинаталдық орталық салу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жылдың соңына дейін «Нұрлы жол» вокзалы маңында бір ауысымда 350 адам қабылдай алатын жекеменшік емхананы ашу жоспарланып отыр.

Бұл медициналық мекеме мемлекеттік тапсырыс аясында тұрғындарды қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Астана қаласының әкімі.

Жалпы алғанда, алдағы үш жылда елордада денсаулық сақтау саласына қатысты 11 нысанның құрылысы жоспарланған. Олардың қатарында Алматы ауданында салынатын перинаталдық орталық, жаңа заманауи көпбейінді аурухана, 6 жаңа толық форматтағы емхана (оның 2-еуі мемлекеттік), сондай-ақ жедел медициналық жәрдемнің 3 қосалқы станциясы бар.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button