Астанада педагогтер арасында «Ән мен әнші» шығармашылық байқауы өтті

Астана қаласының Білім басқармасының ұйымдастыруымен білім беру мекемелерінің басшылары мен ардагер педагогтер арасында «Ән мен әнші» атты шығармашылық байқау өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жаңа жыл мерекесіне орай ұйымдастырылған бұл мәдени іс-шара Ілияс Жансүгіров атындағы №67 мектеп-гимназиясында жоғары деңгейде өтті.
Байқаудың басты ерекшелігі – мектеп басшылары мен ұзақ жылдар бойы педагогика саласына қызмет етіп, бүгінде зейнеткерлікке шыққан ардагер ұстаздардың жұп болып өнер көрсетуі. Қаламсапты микрофонға айырбастап, күнделікті мектеп формасының орнына сахналық сәнді киім киген қатысушылар көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады.
Он үш жұп қатысқан байқауда педагогтер қазақ эстрадасы жұлдыздарының танымал хит әндерін орындап, сахналық қойылымдар көрсетті. Ән айта жүріп, би билеген қатысушылардың өнері көрерменді тәнті етіп, залда мерекелік атмосфера орнатты.
Іс-шара барысында Ардагерлер кеңесінің төрағасы Майра Жаноразқызы бұл байқаудың алдағы уақытта жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатынын атап өтті. Сонымен қатар, қазақ сахнасының жарық жұлдызы, «Ән мен әнші» әнінің авторы Ұлықпан Жолдасов арнайы қонақ ретінде шақырылып, көрерменге өзінің авторлық әнін тарту етті.
Аталған байқау ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, педагогтердің шығармашылық әлеуетін ашуға, сондай-ақ білім саласы өкілдерінің рухани демалуына үлкен мүмкіндік берді.



