Астанада Орталық қалалық кітапхана жаңғыртудан кейін қайта ашылды

Астанада Мұхтар Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапхана жаңғыртудан кейін қайта ашылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Салтанатты іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы, белгілі қаламгерлер Алдан Смайыл, Сауытбек Әбдрахманов, Әлібек Асқар, Ғалым Жайлыбай, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары бастаған зиялы қауым өкілдері, мәдениет және кітапхана саласының қызметкерлері, студенттер қатысты.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылы елорданың Орталықтандырылған кітапханалар жүйесін жаңғырту жұмысы басталғанын атап өтті.
«Сол кезде жүйе құрамында 18 кітапхана болды. Олардың көпшілігінің тозығы жеткен еді. Аз уақыттың ішінде күрделі жөндеу мен жаңғыртудан кейін барлығы ретке келтірілді. Тек қасбеттері жөнделіп, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп қана қойған жоқ, сонымен қатар заманауи талаптарға сай жаңа шешімдер енгізілді.
Мәселен, жоғары жылдамдықты интернет тартылып, жасанды интеллект дәуіріне сай заманауи компьютерлер сатып алынды. Осындай жұмыстар барлық 18 кітапханада жүргізілді. Бұған қоса, кітапханалар желісі тағы жеті нысанмен кеңейді.
Олардың қатарында бұған дейін кітапхана болмаған аудандарда ашылған жаңа кітапханалар бар. Нәтижесінде кітапханалар саны 25-ке жетті. Кітапханалар саны артқан сайын оқырмандар да көбейіп келеді.
Соңғы жылдары олардың саны 80 мыңнан 90 мың адамға дейін өсті. Бұл — кітапханаға деген қызығушылықтың, әсіресе жастар тарапынан, жоғары екенін көрсетеді.
Сонымен қатар оқырмандардың сұранысы да кеңеюде: олар тек шетелдік классиканы ғана емес, отандық авторлардың жаңа туындыларына да қызығушылық танытып отыр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады», — деді Есет Байкен.
Ол «Қаламгер ұстаханасы» жобасы аясындағы дәрістерді тек бір жерде емес, қаладағы әртүрлі кітапханаларда өткізу жөнінде ұсыныс айтты.
Сондай-ақ қала әкімінің орынбасары орталықтандырылған жүйеге қарасты кітапханалар бұл талаптарға толық сай келетінін және әр кітапханаға кеңесші ретінде бір-бір қаламгер бекітілсе деген тілегін білдірді.
Көрнекті жазушы, қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алдан Смайыл өз сөзінде қазақ мектептері мен театрын ашуға қосқан үлесі туралы айтты.
Студенттер цифрлық дәуірдегі кітапхананың рөлі, жасанды интеллект заманында кітап оқуға қызығушылықты арттыру және оқу мәдениетіне қатысты өзекті мәселелер туралы сұрақтар қойып, жауап алды.